|
15.04.2024 | 20:00
1780

Алматы – біздің ортақ үйіміз: іс-шараға ақпарат саласының қызметкерлері де атсалысты

«Алматы» телеарнасының ұжымы да қолына қап пен тырма алып, ортақ іске жұмылды

Алматы – біздің ортақ үйіміз: іс-шараға ақпарат саласының қызметкерлері де атсалысты Almaty.tv

Алматыда да тазалық науқаны жалғасып жатыр. Тұрғындарды экомәдениетті қалыптастыруға шақыратын іс-шараға ақпарат саласының қызметкерлері де атсалысты. Қалалық қоғамдық даму басқармасы ұйытқы болған игі бастамаға мегаполис тұрғындары да үлесін қосты, деп жабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халық арасында азаматтық жауапкершілік қалыптастыруға бағытталған тазалық жұмыстарына тұрғындар мен түрлі мекеме алғашқы аптадан-ақ белсенділік танытты. Қалалық қоғамдық даму басқармасы қолға алған игі бастама аясында Alatau Aqparat медиахолдингі мен «Алматы» телеарнасының ұжымы да қолына қап пен тырма алып, ортақ іске жұмылды. Осылайша, ақпарат саласының 100-ден аса қызметкері көшелерді қоқыстан тазартты.

– Қызметкерлер құлшыныс танытып, 2 ауданда аула тазалауға шықтық. Азаматтардың бәрі ауласын тазалап, қосылып жатыр. Олардың әрқайсының бойында қоқыс тастамау, тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыру арқылы қаланың тазалығын сақтаймыз, – деді Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Төлеухан.

– Ізгіліктің бастауы – тазалық. Науқаншылықтан ада, адамдардың ынтасымен, өз құлшынысымен жасалған шаруа көз қуантады. Болашақта жалғаса бергені дұрыс деп есептейміз, – деді Almaty телеарнасы бас директорының бірінші орынбасары Базарбек Атығаев.

Игі іс тұрғындардың қатысуымен жалғасын тапты. Аула тазалауға шыққан жұртшылық өскелең ұрпақ бойына тазалықты сіңіру үшін балаларын да ала келген. Қоршаған ортаға қамқорлық көрсетуге ұмтылған олар көшеттер отырғызып, әсем қаланы көркейту жұмысына үлес қосты.

– Тазалық өзімізден басталуы керек. Әркім үйінің ішін, ауласын таза ұстауы тиіс. Көршілер көшені тырмалап жатырмыз. «Денсаулық кепілі – тазалық» деген, қоқысты тазалап, жақсы іс-шара атқарып жатырмыз, – деді қала тұрғыны Марал Әлмерекова.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында мегаполистің өзге аудандарында да жұмыс қарқынды жалғасып жатыр. «Алматы- біздің ортақ үйіміз» науқаны 4 аптаға бөлінген. Осы жұмада қаланы абаттандыру жұмыстарына көңіл бөлінбек. Бұл шаруаға ниет білдіруші кез келген қала тұрғыны қатыса алады.  

Жансая Олжабек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы – біздің ортақ үйіміз: Әуежай көлінің жағасы тазартылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир