Дәрігерлер онлайн-кеңес беру үшін қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында №5 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Лаура Малдыбаева айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Медицина қызметкерлері мен қала тұрғындарының қауіпсіздігі мақсатында, ағымдағы жылдың маусым айынан бастап емханаларда онлайн-кеңестер ұйымдастырылды.
Осыған байланысты, барлық дәрігерлер жедел және уақтылы медициналық қызмет көрсету үшін барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
«Дәрігерлер онлайн-кеңес беру үшін барлық құралдармен, құрылғылармен, яғни компьютер, ноутбук, планшет, телефонмен қамтамасыз етілген. Дәрігерлерге алаңсыз онлайн-кеңес жүргізу үшін барлық жағдай жасалды», – деді Л. Малдыбаева.
Сонымен қатар, дәрігерлер толық жеке қорғаныс құралдарымен: әр ауысымға екі сағат сайын бір рет қолданылатын маскалар, бір рет қолданылатын қорғаныс костюмдері, дезинфекциялық құралдар, қолғаптармен қамтамасыз етілген.