Алматыда мәслихат депутаты мен төтеншеліктер қалада салынып жатқан бірнеше ғимараттың құрылысын бақылап қайтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тексерушілер Наурызбай мен Алатау ауданында болып, өрт сөндіру деполарының құрылысымен танысты. Аталған екі нысанның да жұмыстары аяқталуға жақын. Қолданысқа жаздың басында беріледі деп күтілуде. Алайда тексеріс барысында бірнеше өрескел қателіктер де анықталды.
«Мынау салып жатқан мердігер компания жұмысында біраз кемшілік бар. Оның ішінде монолит, сылау бойынша. Қазіргі сәтте жарықшақ пайда болды. Ол болмайды. Енді ай сайын келіп қадағалап, нақты бақылауға аламыз», – деді қалалық мәслихат депутаты Ерболат Қасымов.
Бақылаушылар құрылыс жүріп жатқан нысандарда қауіпсіздік шаралары ескерілмегенін, сондай-ақ темекі қалдықтары мен құрылысшылардың эпидемиологиялық ережелерді сақтамағанын сынға алды. Компания басшылығына алдағы уақытта осындай олқылықтар қайталанса, әкімшілік жауапқа тартылатыны ескертілді.
«Сексен пайыз жұмыс аяқталып жатыр. Осы жылдың мамыр айына дейін тапсыруға тырысамыз. Кемшіліктердің бәрін енді біз қабылдаймыз. Бәрін. Әрине орынды. Жөндейміз. Компанияда жұмыстар жүргізіледі», – деді мердігер компания өкілі Нұрлан Өстенов.