Сұрақ-жауап: Бостандық ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Екі сағатқа созылған кездесуде азаматтардан жазбаша тілек-арыз да көп жолданды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бостандық ауданына қарасты даңғылдар мен көшелердегі жолды жөндеу қазан айына дейін толық аяқталады. Аталған аумақта жалпы 60 мың шаршы метр қалыпқа келеді десек, қазір оның 4 мыңына асфальт төселген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бостандық ауданының азаматтарымен мегаполис басшысы биыл үшінші рет кездесіп отыр. Қозғалатын мәселенің ең өзектісі - жарық пен жолдың жайы. Биыл бұл қатарға жол жиегі де қосылған.

– Жолдың жиегін түгел ауыстырып тастады. Асфальтіміздің жағдайы керемет болмаса да, әлі кем дегенде 10 жыл тұруға шыдайтын. Қазіргі жағдай тіпті, бұрынғыдан да қиын болып кетті. Біз жолды жөндеп беруді өтініп жүргенде, неге мұндай шешім шығарғанын білмеймін, – деді қала тұрғыны Галина Евдокимова.  

Көпті алаң қылған мәселеге Ерболат Досаев «негізгі ниетім – қалада инфрақұрылымы қалыптасқан, сапалы жол жасау» деп жауап берді. Әкімнің сөзінше, Әл-Фараби даңғылының өзінде бордюрлердің 3 пайызы ғана өзгереді. Ал ескілерін ауыстыратын жаңа жиек 15 жылға төзімді граниттен жасалған.

– Жол жиегінің жұмысы толық аяқталған жоқ. Үстінен бірнеше жабын төселеді. Мәселен, қазан айына дейін аса күрделі деген 8 ауланы жөндейміз. Жиектің айналасын да толтырып, балалар алаңына арналған аумақты қалыпқа келтіреміз. Шамалы шыдап, түсіністік танытсаңыздар екен, – деді Бостандық ауданының әкімі Санжар Алин.

Жол инфрақұрылымы жөнінде сөз болғанда Бостандық ауданындағы 23 көшеге жөндеу жүргізілетінін атап өту қажет. Оның ішінде жалпы ұзындығы 27,5 шақырым болатын 2 магистральді аумақта орташа деңгейлі жұмыс басталмақ. Қала басшысы нақты жұмысқа да шолу жасады.

– Үлкен Алматы өзенінің бойында суармалы жерге қатысты бюджеттен ақша бөлініп жатқанын атап өттіңіз. Бірақ суарылмайды. Үлкен Алматы өзенінің бойындағы ағаштар қурап тұр, – деді қала тұрғыны.

– Тұңғыш президент саябағының басында жобалық-сметалық құжаттама жұмысын аяқтаймыз. Бәрін қайта құрып, су мәселесі де шешіледі, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Бостандық ауданының азаматтары су мәселесін талай көтерген. Ерменсай шағынауданындағы жағдаймен қала басшысы да жақсы таныс. Мәселе туындатып отырған серіктестікке қатысты сот Досаевтың бастамасымен қайта жалғасқан еді. Қазір инженерлік коммуникацияларды қала балансына өтеусіз беру ісі жалғасып жатыр.

– Былтырдан бері Ремизовка, Ерменсай шағынауданындағы үйлерде жарық жиі өшетін болды. Электр энергиясының сапасын жақсарту үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанын білгім келеді, – деді қала тұрғыны.  

– Ерменсайға қатысты біз жеке жобаны атқарып жатырмыз. 47 шақырым аумақтағы желіні қала әкімдігінің атынан салып жатырмыз. Ал «АЖК» ескі электр желілерін назарда ұстайды. Шыны керек, Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан шағынаудандардың көбінде су және электр желілері бойынша мәселе күн сайын өзекті болып отыр. Бәрі реттеледі, реттеліп жатыр, – деді  Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Екі сағатқа созылған кездесуде азаматтардан жазбаша тілек-арыз да көп жолданды. Ендігі жиын Жетісу ауданында өтеді.

Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров