Келесі жылы Алматыдағы Қазақстан Халық Ассамблеясының республикалық және өңірлік қоғамдық құрылымдарының қызметі жаңа форматта жасақталады. Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мегаполистегі этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, шаһарда қоғамдық келісімді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жиын барысында Ассамблеяның белсенді мүшелеріне этносаралық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысхаттар табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда 2022 жылы этномәдени бірлестіктердің дамуы басты назарға қойылмақ. Бұл мақсатта қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Қазақстан Халық Ассамблеясының мүшелерімен биыл Елбасы күні ашылған Достық үйінде кездесіп, қоғамдық келісімді нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады. Жиын барысында ҚХА-ның перспективалық бағыттары, мәдени-гуманитарлық және қайырымдылық салаларындағы жүзеге асуы мүмкін жобалар тілге тиек болды.
«Бұл жылы өте ауқымды істер атқарылды. 100 миллион теңгеден аса қаржыға 80-нен астам қайырымдылық шаралары өткізілді. Елде болып жатқан пандемияның сын-қатерлеріне қарамастан, келесі жылы Алматы қаласының бюджеті көбейетіні бізді қуантып отыр», – деді қалалық ҚХА қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Хизметов.
Сондай-ақ кездесуде 2022-2023 жылдарға арналған Алматы қаласы тұрғындарының этникалық топтары арасында мәдениетаралық коммуникацияны, өзара іс-қимыл мен интеграцияны одан әрі дамыту жөніндегі жұмыс тұжырымдамасы ұсынылды. Алдағы уақытта құжат жобасына толықтырулар енгізілетін болады.
«Ұлтаралық қарым-қатынастарды қалыптастырып, біз туыстықты арттыруды мақсат етіп отырмыз. Түрік халықтарының ішіндегі екі ұлы халықтың аңсаған арманы мен көздеген мақсатын Ұлы Жаратқаным бізге нәсіп етсін. Достықты ту еткен Қазақстан халықтарының мызғымас достығы мәңгілік жасай берсін!», – деді «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Қазақбай Қасымов,
Кездесу кезінде Ержан Бабақұмаров қаладағы 36 этно-мәдени бірлестіктің жақында берілген ғимаратта қалай орналасқанын бақылап, жұмыс барысымен танысты. Дөңгелек үстелге ұласқан жиында қала әкімінің орынбасары Ассамблея мүшелеріне этносаралық қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін алғысхаттар тапсырды.
«Мен сіздерге шаһардың игілігі мен дамуына мол үлес қосқандарыңыз үшін қала әкімінің, әкімдіктің атынан алғыс білдіремін! Алдағы уақытта да жұмыстарыңыз жемісті болсын дегім келеді», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Бүгінде бұл мекемеде дәстүрлерді, тілдерді, мәдениетті сақтау үшін барлық жағдай жасалған 24 бөлме бар. Одан бөлек, конференц-зал, тіл сыныбы, би залы, медиация және қоғамдық келісім кеңесі кабинеттері мен қоғамдық қабылдау бөлмелері де орналасқан.
Аяулым Көлжігіт, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы