Алматыда аудан әкімдерінің есеп беру кездесулері басталды. Алатау ауданының әкімі А. Қалдыбеков бірінші болып инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алатау ауданындағы маңызды мәселелердің бірі – халықты сапалы ауыз сумен және жүйеленген кәріз желілерімен қамтамасыз ету.
«Осы орайда, өткен жылы Шапағат, Қарасу, Алғабас, Өжет, Самғау, Ақбұлақ, Боралдай сынды 7 ықшамаудандарында салынған желілерді биыл пайдалануға беру жоспарлануда», – деп атап өтті Алатау ауданының әкімі.
Сонымен қатар, биыл Әйгерім, Алғабас, Теректі, Шаңырақ-1 ықшамаудандарында ауыз су мен кәріз желілері салынатын болады. Ал, Рахат-Мәдениет ықшамаудадарында инженерлік желілерді салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
2020 жылдың қорытындысы бойынша Алатау ауданында көшелердің жарықтануы 75%-ға жетті.
«Биыл тағы 515 көшеге жарық орнатылады, жыл соңына дейін аудан көшелерінің жарықтануы 100%-ға жетеді деп сеніммен айта аламыз», – деді А. Қалдыбеков.
2020 жылы Алатау ауданының 8 ықшамауданында жаңа жол салынды, сондай-ақ 8 ықшамауданда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл Шаңырақ-5, Өжет, Самғау ықшамаудандарында жаңа жолдар салынады, 133 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Осылайша, Алатау ауданының жолмен қамтылуы 75%-ды құрайтын болады», – деп қорытындылады аудан әкімі.
Есептік кездесу барысында аудан әкімі тұрғындардың аулаларды абаттандыру, жөндеу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша қойған сұрақтарына жауап берді. Аудан тұрғындары өз сауалдарын «Алатау Креатив Хабында», аудан әкімдігі және Томирис ықшамаудандағы кітапханада жабдықталған зум бөлмелері арқылы қойды. Есеп беру кездесуі «Алматы» телеарнасында және әлеуметтік желілердің тікелей эфирде көрсетілді.