Жерүсті өткелдеріндегі мүгедектерге арналған көтергіш құралдар баяу жұмыс істейді. Ал Сайран автобекетінде тәртіп жоқ. Таксистер көліктерін қалағанынша қойып, кептелісті қолдан жасайды. Бүгін Алматы әкімінің Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуінде осы мәселелер сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – биылғы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Әуезов ауданында өткізген үшінші кездесуі. Қала басшысына базынасын тікелей жеткізуге 250-ден аса адам келген. Жиында мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты бірнеше мәселе көтерілді. Соның бірі – арбаға таңылғандардың жолдағы қауіпсіздігі.
«Әуезов ауданы әкімдігіне жолдың үстінде өтетін өткелдерде көтергіштердің кілтін бергені үшін алғыс білдіріп, рахмет айтқым келеді. Бірақ өкінішке қарай бұл көтергіштердің жұмысы өте баяу әрі шулы. Мен 1-топтағы мүгедек баламен көшеге жиі серуенге шығып тұрамыз ғой. Сол кезде осы мәселе бізге қиындық тудырып жатады. Осындай көтергіштердің техникалық жағдайын жақсартуыңызды қадағалауды мен сұраймын», – деді қала тұрғыны.
«Жол үстіндегі өткелге қатысты сұрақ Саинаның бойындағы өткен кездесуде көтерілген болатын. Сіз тапсырма бердіңіз, бәріне кілтті беріңіз деп. Жақсы жұмыс істемейді, жоғары 5 минут көтеріледі. Енді Мәслихатқа өтінім бердік. Лифт жасау керек», – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.
«Бұл жолы үлгермейміз. Ал енді жобасын дайындап, келер жылғажоспарға енгізейік», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Кездесуде Сайран автобекетіндегі тәртіпсіздік жайлы айтылды. «Онда мемлекеттік автобустардан бөлек, заңсыз такси жүргізушілері де қаптап жүреді. Соның кесірінен жол ережесі сақталмайтын кездер болады, оның үстіне тазалық жоқ” деп шағымданды аудан тұрғындары.
«Сайран автовокзалы айналысындағы минивэндердің көп тұрады. Ол жерде кептеліс және де сол кезде автобустар бірінің артынан бірі келген кезде, орын болмай қалады. Не болмаса шықпай қалады. Бірінің артына келіп тіреліп қалады. Автобустан шыққан кезде айналада қоқыс жатады», – деді қала тұрғыны.
«Енді біздің автовокзалды бәрі біледі, не болып жатқанын. Автовокзал бізге қайта ма, қайтпай ма, осы мәселені көрейік. Сол кезде сұрақтарды шешеміз. Керек болса, камера шығарайық», – деді қала әкімі.
«Биылғы жылға біз арнайы Сайранның алдына бір экипажды қойып отырмыз. 25 камера, тағы да қосымша «Сайран» автовокзалының екі жағына бөлініп 25 камера қойылады. Биыл ұсыныс берілді. Сонымен қатар, 420 протокол толтырылды. Бір экипаж күнделікті сол жерде, – деді полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.
Әуезов ауданында тұратын жастарға білімін арттырып, талантын шыңдайтын орталықтар қажет. Кездесуде креативті хаб ашып беру жайы сөз болды.
«Мен жастардың атынан келіп тұрмын. Қаламызда замануи білім орталықтары ашылып жатқанын бәріміз білеміз. Соның бірі – Алатау ауданындағы Алматы аренада ашылған, Алатау креатив хаб. Сондай білім орталықтары біздің ауданда да ашылса деген ұсынысымыз бар», – деді қала тұрғыны.
«Біз ендігі жылдан бастап 16 орталық ашамыз. Әр ауданға екеу болсын деп. Үлкен болмайтын шығар. Шағын формасын қарап, Әуезов ауданында қараймыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Кездесуде кезек күткісі келмегендер үшін арнайы жәшік қойылды. Тұрғындар сұрағын қағаз бетіне түсіріп, сонда қалдыруға мүмкіндік алды. Оларға да міндетті түрде жеке-жеке жауап беріледі.
Жадыра Омаржан, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы