Алматыдағы Панфилов көшесі жаңаша түрленеді. Қабанбай батырдан Жібек жолына дейінгі аумақты абаттандыру биыл қыркүйекте басталып, қарашада аяқталады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді. Мұнда сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа спорт орталығы салынады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жібек Жолы мен Қабанбай батыр аралығын қамтитын Панфилов көшесі 2017 жылы серуендеу аймағына айналған. Жалпы ұзындығы 1,4 шақырымнан асады. Шаһар әкімімен кездесуге келген Алмалы ауданының тұрғыны осы аралықты жөнге келтіруді сұрады.
«Тамызда мердігер компанияны анықтадық. Жұмыс жақын арада басталады. Жоба аясында жасыл аймақ ұлғайтылады, қолданыстағы шағын архитектуралық нысандар жаңартылады. Сонымен қатар Жібек Жолы көшесінде тағы 1 модульдік полиция пункті орнатылады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Кездесуде балалар спортын дамыту мәселесі де сөз болды. Аудан тұрғынының сұрағына жауап берген мегаполис әкімі мамандандырылған мектептердің инфрақұрылымын жаңарту жұмысының басталғанын айтты.
«Жасырын емес, чемпиондарды даярлау үшін қолайлы жағдай жасау керек. Менің балам спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында оқиды. Бұл нысан жөндеуді қажет етеді, осы мәселеге назар аударуды сұраймыз», – деді тұрғын.
«Алматыда балалар спортына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Былтырдан бастап біз қаржыландыруды ұлғайттық, жас спортшылардың жарыстарға қатысуына бөлінетін қаражатты көбейттік. Чемпионның жолы осындай мектептерден басталады, сондықтан бұл мәселе біздің назарда», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
«Алмалы ауданындағы мамандандырылған мектепке қатысты жобамен айналысып жатырмыз. Келесі жылдың мамыр айында мемлекеттік сараптама шығады деп жоспарлап отырмыз, ал маусымда қазіргі ғимаратты бұзып, жаңасының құрылысын бастаймыз», – деді құрылыс басқармасының басшысы Алмас Шабдарбаев.
Одан бөлек, шаһар басшысына көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру бойынша сұрақ қойылды. Ерболат Досаев қала әкімдігі аудан тұрғындары үшін қолайлы қалалық орта құруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Аудан тұрғындарының өтініші бойынша 2024 жылдың қараша айында жұмыстардың аяқталуымен жалпы сомасы 460 млн теңгеге 23 аула аумағына ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Осы екі айдың ішінде бітіреміз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Айта кетейік, Алмалы ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша биыл 52 жобаны жүзеге асыруға 2,2 млрд теңге бөлінген. Ал былтыр 48 жоба іске асқан еді.
Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы әкімінің Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуінде қандай мәселелер талқыланды