Қолын тілген: Түркістан түрмесінің сұмдығы

elements.envato.com
elements.envato.com
Түркістан облысында түрмеде жазасын өтеушілер азапталып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында түрмеде жазасын өтеушілер азапталып жатыр. Арнамызға осылай деп арызданған бір топ азамат араша сұрайды. Сөздерінше, басшылық қысымына түскен жігіттер шыдамы таусылып өзіне қол салуға кіріскен, деп хабарлайды Almaty.tv

Бұл Түркістан облысы №55 мекемедегі жазасын өтеушінің араша сұрап жазған видеосы. Мекеме басшылығының қысымына ұшырап, өзіме қол салдым деп тағы төрт ер адам ата-анасына бейнежазба жіберген. Азапталып жатырмын деген өзгесі адвокат арқылы сәлем жолдапты.

«Балам үш апта таксофонға шыққан жоқ. Мекемеге хабарластым. Шыдамым таусылып, адвокатты кіргізген соң қолын тілгенін білдім», – деді  жазасын өтеушінің анасы Айнұр Бесбаева.

Бейнежазбалар ішінде сотталғандарды қинап жатқан видео да бар. Онда төрт бірдей қызметкердің бір жігітті жұлқылап жатқаны көрінеді. Бұдан әрі шыдамаймыз деген ата-аналар "баламызға не тамақ бермейді, не байланысқа шығармайды" дейді.

«Менің де бауырым отыр. Осы жерден өлігін алып шықпау үшін арызданып отырған жайым бар. Ешқандай тамақ уақытылы берілмейді. Кездесуге кіргізбейді», – деді жазасын өтеушінің туысы Айгерім Қожамжарова.

Өңірлік департамент басшысы "азапталды деген қылмыскерлердің бәрі де түрмедегі тәртіпке бағынбағандар" дейді. Сөйтіп жазасын өтеушілер тағы да жаза арқалап, талабы әлдеқайда қатаң абақтыға жатқызылыпты.

«Бұлардың мақсаты сотталғандардың ішкі тәртіп ережесін әлсірету үшін ұйымдастырылған деп ойлаймын. Туыстарының айтқаны шынайылыққа жатпайды. Мен және прокуратура тарапынан тексерулер жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда видео бойынша екі күн бұрын қызметтік тексеру тағайындалған. Ол деректерді қазір тексереміз», – деді Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Ермек Жалғасов.

Бұдан бөлек, жауаптылар түрмеге ұялы телефонның қалай кіргенін анықтауға кірісіп жатырмыз дейді. Сөйтіп, бақылау жасамаған қызметкерлердің өзін жауапқа тартпақшы.

Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысындағы түзеу мекемелерінде суицид жасаудың 19 дерегі тіркелген екен.

Назерке Үкібасова, Түркістан облысы, « Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Астанада 20 адамды сан соқтырған «жиһаз жасаушы» сотталды

Новости партнеров