Алматы әкімі Ерболат Досаевтың халықпен бесінші кездесуі Жетісу ауданында өтті. Іс-шараға 500-ден астам қала тұрғындары келді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы әкімінің мәліметі бойынша, Жетісу ауданы Алматының «көне» аудандарының бірі болып табылады, биыл оған 86 жыл толады. Тарихи тұрғыда ол өнеркәсіптік және сауда ауданы ретінде қалыптасты: бұл салаларда 40 мыңға жуық адам немесе халықтың 45%-ы қамтылуда. Ауданда жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өндірісі дамыған, бірқатар ірі зауыттар жұмыс істейді.
Халықпен кездесу барысында Алматы әкімі ауданның негізгі проблемалық мәселелерін, соның ішінде ескірген тұрғын үй, инженерлік желілер мен жол төсемінің тозуы, стихиялық сауда, экология және абаттандыру, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым мәселелерін атап өтті.
Бүгінгі таңда ауданда сумен жабдықтау және су бұру мәселелері, әсіресе Кемел шағынауданында өткір тұр. Ерболат Досаев өткен жылдың қыркүйек айында анықталған мердігердің жауапсыз екенін, сондықтан сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жөніндегі жобаны іске асыру келесі жылға ауыстырылатынын хабарлады.
2022 жылы Қазыбаев, Рысқұлов, Тәтібеков, Райымбек көшелерінде сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту және кәріз құрылысы бойынша жұмыстар аяқталатын болады. Осы жылдың мамыр айында сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысына мемлекеттік сараптама алынды.
68 көшеде жұмыс шамамен 2023 жылдың көктемінде басталады. Қала басшысы жолдар тек инженерлік желілер пайдалануға берілгеннен кейін ғана асфальтталатынын атап өтті. Баяндама барысында Алматы әкімі биылғы жылы жалпы ұзындығы 27,3 км болатын 20 көшенің жолдарын орташа жөндеу жоспарланғанын айтты.
Жауын-шашын кезінде су басу мәселесін шешу мақсатында 7 мекенжай бойынша арық жүйесін жөндеу аяқталады, Райымбек даңғылы бойындағы су бұру коллекторлары қалпына келтіріледі, бұл мегаполистің жоғарғы жағынан жаңбыр ағынын азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 27 көше бойынша еріген қар суын бұру үшін арық желілері мен коллекторларды салу және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, аудан әкімдігінің күшімен 27 учаске бойынша арық желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған.
Жетісу ауданында жарықтандыру және электрмен қамтамасыз ету проблемалары байқалуда. «Жаңа Алматы» жобасына сәйкес, ауданда 162 жартылай жарықтандырылмаған көшелерді жарықтандыру жоспарланған. Құрылыс-монтаж жұмыстары үшінші тоқсанда басталады. Ерболат Досаев Кемел шағын ауданында электрмен жабдықтау желілерін қайта құру жұмыстары басталғанын атап өтті. Олар аяқталғаннан кейін шағын ауданның әрбір жеке үйі қалалық желілерге қосылған тұрақты электрмен қамтылады.
Мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын төмендету мақсатында ағымдағы жылы 3 мектепке жапсарлас құрылыс салу жоспарлануда. Айнабұлақ-4 шағынауданында 1986 жылы салынған ғимаратты бұзып, 160 орындық балабақша салынады. Өткен жылы әкімдік Ратушный көшесінде 280 орындық бұрынғы балабақша ғимаратын сатып алды, ол жыл соңына дейін ашылады. Ерболат Досаев үш дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталғаннан кейін балаларға арналған барлық спорт секция тегін болатынын атап өтті.
Бүгінде аудан емханаларында жоспарлы қуаттың артқаны байқалады. Қазіргі уақытта Кемел шағын ауданында 200 келушіге арналған отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Әкімдік ауданда емханалар ашу үшін 2 ғимарат сатып алды. Қала басшысы Жұмысшы кентінде емхана ашу шешімін қарастыру жалғасып жатқанын айтты.
Алматы әкімінің ақпараты бойынша, аудан тұрғындарының өтініштерін талдау олардың жартысына жуығы учаскелерді абаттандыруға немесе аула аумақтарын жөндеуге қатысты екенін көрсетті. Бұл мәселені шешу үшін Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылға арналған «Халықтың бюджетке қатысуы» жобасын қаржыландыру 300 млн теңгеге – 1,1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Тұрғындардың ұсыныстары бойынша 23 жоба іріктелді, оның ішінде 3 ірі жоба – бұлар Черновицкая көшесіндегі Есентай өзенінің, Коперник көшесіндегі Кіші Алматы өзенінің, Омаров көшесінен Қазыбаев көшесіне дейінгі Қарасу өзенінің жағалаулары, саябақтарға, жаяу жүргіншілер аймақтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу, балаларға арналған ойын және спорт,футбол алаңдарын жасау қарастырылған. Сондай-ақ, ауданда Гүлдер саябағы мен Айнабұлақ-1 және Айнабұлақ-3 шағын аудандарындағы гүлзарларды ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Қазіргі уақытта Көкмайса шағынаудандағы Есентай өзенінің жағалауына саябақ салу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы Рысқұлов/Сүйінбай даңғылы бойындағы көпір астында жастардың спорттық паркінің, Айнабұлақ-1 шағынауданындағы Есентай өзенінің бойында Жастар саябағының құрылыстарын бастау, Көкжиек шағын ауданындағы және М. Жұмабаев көшесі бойында жаяу жүргіншілер аймақтарын салу жоспарланған. Кемел шағынауданындағы өзен жағалауына саябақ салу жоспарланған.
Алматы әкімімен кездесу барысында тұрғындар жолдарды, кәріз және электр желілерін жөндеу, абаттандыру және т. б. мәселелерді көтерді.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген халықпен кездесулердің жаңа форматына сәйкес жыл соңына дейін Ерболат Досаев халықпен 24 кездесу өткізеді – тоқсан сайын 8 ауданның тұрғындарымен бір-бір кездесу.
Еске салсақ, Алматы әкімінің халықпен алғашқы кездесуі Бостандық ауданында 14 сәуірде, екіншісі – 28 сәуірде Алатау ауданында, үшіншісі -12 мамырда Әуезов ауданында, төртіншісі - 19 мамырда Наурызбай ауданында өтті.