Алматы хайуанаттар бағында жануарларға жаңғақ жинау акциясы басталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv. Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырды.
Хайуанаттар бағының орталық кіре берісінде қабылдау пункті орналасқан, онда кез келген адам жиналған жаңғақтарын тапсыра алады. Мұнда жаңғақтар өлшенеді және жануарлар жейтін тағамдар әкелгендер туралы мәліметтер жазылып алынады.
3 кг жаңғақ үшін бір бала хайуанаттар бағына билет алады, ересек адамға 7 кг жаңғақ үшін билет беріледі. Билеттерді 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін пайдалануға болады.
- Қалалық саябақтар мен алаңдарда жаңғақтар пісті. Алматының көшелері мен тротуарлары үшін бұл қоқыс, ал Алматы хайуанаттар бағының көптеген жануарлары үшін құнарлы калориялы азық. Сондықтан 5 қазаннан 7 қарашаға дейін хайуанаттар бағы жыл сайынғы «Жаңғақты күз» акциясын өткізеді және қала тұрғындары мен қонақтарына жаңғақты дайындауға көмек сұрап жүгінеді, – деді қоғаммен байланыс және даму бөлімінің басшысы Ақжами Рахимова.
Акция соңында хайуанаттар бағының қызметкерлері іс-шараны қорытындылап, жаңғақты көп жинағанды шағын бағалы сыйлықтармен және грамотамен марапаттайды.
Мал азығына тапсыратын жаңғақтар жануарларды тамақтандыруға жарамды және мынадай талаптарға сай болуы тиіс:
- таза, піскен және құрғақ болуы керек;
- түсі табиғи, көгермеген болуы керек,
- арасында жапырақ, тас, бұтақтар мен қоқыс болмауы керек,
Сондай-ақ улы химикаттармен және пестицидтермен өңделмеген болуы керек.
Егер хайуанаттар бағындағы жануарларға арналған акция ұйымдастырылған бірінші жылы 3,5 тонна жаңғақ жинаса, 2016 жылы 7 тонна жиналып, рекорд орындалды. Биыл қазан айының басынан бері 473 келі жиналды.
- Бұл негізгі азық емес, бұл акция хайуанаттар бағына келушілерді тарту үшін және әрбір келушінің хайуанаттар бағының өміріне атсалысушы ретінде сезінуі үшән қолға алынған шара. Акцияның алматылықтар арасында кеңінен таралғаны соншалық, қыркүйектің басынан бастап тұрғындар жаңғақтары жинап, көп мөлшерде әкеледі, - деп бөлісті Ақжами Рахимова.
Жиналған жаңғақтармен тұяқты жануарлар қоректенеді: бұғы, елік, қабан, ақбөкен, тіпті түйелер мен керіктер де жейді.
Баспасөз туры барысында хайуанаттар бағының қызметкерлері шағын экскурсия өткізіп, журналистерге жануарларды қалай тамақтандыратынын нақты көрсетті.
Оқи отырыңыз: Республика күні: «Абылай хан» қойылым сахналанды