Алматыда оқушылар 100% оқулықпен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында онлайн-брифинг барысында Алматы қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, балалар мен мұғалімдердің денсаулығын сақтау және қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында 1 оқу тоқсанында балаларды қашықтан оқыту шешімі алдын ала қабылданды, – деп атап өтті Жұманов. – Біздің мәліметтер бойынша ағымдағы жылғы 1 қыркүйекте 30 мыңға жуық бірінші сынып оқушылары оқуды бастайды».
Жаңа оқу жылында қаланың орта білім беру ұйымдары жаңа нысандармен толығады. 1 қыркүйек күні Әуезов ауданында (Мамыр ы. а) 1200 орынға шақталған №202 мектеп-гимназия және Түрксіб ауданында (Нұршашқан ы. а) 600 балаға арналған №203 жалпы білім беретін мектеп ашылады.
Бүгін Алматының Білім басқармасы балалардың қашықтықтан оқуға техникалық дайындығын қамтамасыз ету шараларын қабылдауда. Осы мақсатта балалар мен мұғалімдердің компьютер техникасымен қамтамасыз етілуінің мониторингі жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша 75 мыңнан астам оқушы мен 2 мыңнан астам мектеп мұғалімдерін компьютерлермен қамамасыз ету қажет. Осы мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен бөлінген сомаға 20 мыңнан астам компьютер алынуда, 38 мыңнан астам компьютер техникасы, оның ішінде ноутбуктар және планшеттер Үкіметтің резерв қорының қаржысына сатып алынады. Мектептердегі компьютерлердің шамамен 14 мыңы оқушыларға уақытша пайдалануға берілді. Сонымен бірге, ҚР Сыртқы істер министрлігі, «Қазақстан Дипломаттарының Ұйымы» және Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайын әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балаларға 150 ноутбук берді.
Қашықтықтан оқыту жағдайында жұмыс істеуге мұғалімдерді дайындау бойынша жұмыс жүргізілуе. Ағымдағы жылдың 5 тамызынан бастап Bilimland.kz, Opiq.kz, Kundelik.kz, Microsoft.Teams сияқты білім беру порталдарымен жұмыс істеуді үйрететін мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыратын онлайн курстар ұйымдастырылған. Бүгінде 15 444 педагог оқудан өткен.
Оқушылар және мұғалімдердің Интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі біртіндеп шешілуде. Интернет желісіне мұқтаж 22 мыңнан астам оқушыға арнап SIM-карталар сатып алынады. Сонымен бірге, Интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ педагогтар үшін онлайн сабақтарды мектеп қабырғасында қажетті санитарлық шараларды қамтамасыз ету жағдайында онлайн сабақ өткізу мүмкіндігі беріліп отыр.
Қ. Жұманов мектептердегі кезекші топтар жұмысына қатысты жағдайды түсіндірді.
«Бүгінде жұмыс істейтін ата-аналар тарапынан кезекші сыныптар ашу туралы көптеген өтініштер келіп жатыр, – деп атап өтті ол. – Соған байланысты, жалпы білім беретін мектептердің 1-2 сынып оқушылары үшін кезекші топтар ашу туралы шешім қабылданды. Арнайы мектеп-интернеттардың бастауыш сыныптары үшін штаттық режимде қызмет етуге рұқсат етілді. Сыныптардағы балалар саны орта есеппен 10-12 адам».
Тағы бір маңызды мәселе оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету болып табылады. Қ. Жұмановтың айтуынша, оқушылар 100% оқулықпен қамтамасыз етіледі.
2020-2021 оқу жылына арналған жаңартылған мазмұндағы оқулықтарды және оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу үшін 11 сыныптарға арнап және 1-10 сыныптарға оқулықтар алу үшін жергілікті бюджеттен тасымалдау шығындарымен қоса есептегенде 3,8 млрд.теңге бөлінді. 25 тамызға келісімдерге сәйкес, оқулықтар білім беру ұйымдарына толық көлемде жеткізіледі. Қазір олар мектеп оқушыларына барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау арқылы таратып жатыр