Алматыда 51 мың кәсіпкер жұмысын қайта бастады: 200 мың қызметкер жұмысқа шықты

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда сұлулық салондары, жаттығу залы мен сауда орталықтарының жұмысы қайта жанданды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгіннен бастап Алматыда сұлулық салондары, жаттығу залы мен сауда орталықтарының жұмысы қайта жанданды. Есігін айқара ашқан ғимаратта қандай талаптар сақталуы тиіс? Онда барған адамдар нендей ережені білуі керек? Кәсіпкерлер жұмысын бастауға рұқсат алу үшін қайда хабарласу қажет? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Бұл сауда үйі соңғы рет маусым айының аяғында жұмыс істеген еді. Араға бір жарым ай уақыт салып бүгін міне есігін қайта ашты. Өздеріңіз байқағандай, адам саны көп. Алматылықтар шыныменде шопингті сағынып қалған секілді. Алайда қарапайым қағидаларды естен шығармау керек. Мұндағы адамдар карантин талаптарын ұстанып жүрміз дейді.

Келушілердің көңіл-күйі көтеріңкі екені айтпаса да түсінікті. Мұқым ел сауда жасау үшін ғана осылай ағылып жатыр. Орталықта әлі кинотеатр мен ойын-сауық орындары іске қосылмаған. Олар жұмысын бастаса ғимарат ішінде адам саны бұдан да көбейетіні түсінікті. Сауда үйінің аумағы 180 мың шаршы метрді құрайды екен. Жауаптылардың сөзінше, әр адамға 4 шаршы метрден келгенде мұндағы адам саны мемлекеттік комиссия бекіткен талапқа сай келеді.  

«Біз барлық талапты орындап сауда үйінің жұмысын бастадық. Әр бутик алдына қанша адамға дейін кіруге болатынын жазып қойдық. Келушілердің маска тағуы, әлеуметтік арақашықтықты сақтауы сынды ережелердің бұзылмауын қатаң қадағалаймыз. Ол үшін арнайы ішкі бақылау қызметін іске қостық. Яғни, белгілі адамдар ғимарат ішінде карантин тәртібінің сақталуын қарап жүреді. Оның үстіне кіреберіске тепловизорды да орнаттық. Ыстығы көтеріліп тұрған адам бірден анықталады», – деді сауда орталығының директоры Қуат Әкімбаев.  

Сауда үйі таңғы 10.00-дан кешкі 22.00-ге дейін ашық болады. Ғимаратта әр үш сағат сайын дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Қызметі жанданған мекемелер қатарында сұлулық салоны да бар. Мұнда да арақашықтық қатаң сақталады. Келушілер мен қызметкерлердің маска тағуы міндетті. Жұмыс уақыты таңғы 09.00-дан кешкі 19.00-ге дейін. Бірақ осында келіп кезек күтуге болмайды. Алдын ала жазылу қажет.

Тәннің сұлулығымен қоса, салауатты өмір салтын ұстанатындарға да жақсы жаңалық. Бассейні жоқ жаттығу залдары да ашылды. Мұнда да карантин талаптары қатаң сақталуы керек. Ғимарат ішіндегі мониторларда арнайы бейнеролик көрсетіліп тұрады. Жүгіру жолақтарында да ережені естен шығармау керек екені жазылған. Антисептик пен дене қызуын өлшейтін жабдықтар да қарастырылған. Келушілер залдың ашылғанына дән риза.  

«Жаттығу залы ашылады дегенді естігенде қуанышымда шек болмады. Бүгін таңнан бері осындамын. Тәнім спорт жаттығуларын сағынып қалған екен. Бұл орынның ашылғаны дұрыс. Өйткені спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, коронавирусты жеңуіміз керек. Осында келушілердің барлығы әлеуметтік ара қашықтықты сақтаймыз», – деді қала тұрғыны Айжан Битебаева.

«Ұзақ күтті. Себебі біз фитнес клубтар басынан екі карантинді өткізді. Шыны керек, өте өкінішті және қиын болды. Ендіғ әрине, біздің клиенттеріміз қуанышты. Бүгін бірінші күн. Адамдар келіп жатыр, өзіңіз көргендей, – деді  фитнес клубтың маркетинг бойынша департамент басшысы Гүлайым Кенжебаева.

Алматыда бүгіннен бастап 51 мың кәсіпкер жұмысын бастады. Яғни, шамамен 200 мың қызметкер жұмысқа шықты. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсібін дөңгелетемін дегендер инфоқазақстан порталы арқылы өтініш бере алады. Жұмыс істеуге рұқсат алу үшін қат қабат қағаз толтырудың қажеті жоқ. Тек бір сайт арқылы жіберсе жеткілікті.      

«Қазіргі таңда осы «Инфоқазақстан» электронды платформасында электрондық қолтаңбасын бекіткен уақыттан бастап бүкіл құжаттарын қабылдағаннан кейін автоматты түрде 10 секунд уақытында электрондық паспорт поштасына түседі. Сондықтан да кәсіпкерлерге айтатыным бұл процедураны толтыру үшін 10-15 минут уақыт кетеді», – деді қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.

Мұндай инновациялық шешім уақыт үнемдеуде алатын орны ерекше. Алайда сауда орны немесе қызмет көрсету мекемесі рұқсат алғаннан кейін карантин талаптарын толығымен сақтау керек. Азаматтар да әр қадамына жауапкершілікпен қарағаны абзал екенін айтады мамандар. Карантин режимі жеңілдетілгенімен ауру жоғалып кетті деуге болмайды. Сондықтан тұрғындар босаңсымай, қарапайым қағидаларды естен шығармағаны дұрыс дейді дәрігерлер.

Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров