Алматыда өңірлік кадрлық резервке үміткерлерді қабылдау аяқталып келеді. Алғашқы кезеңдерден сүрінбей өтіп, ақтық мәреге жеткендерді қала әкімі Ерболат Досаев құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, мұндай бағдарлама алғаш рет бүкіл өңірде өтіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара азаматтарға облысты дамытуға және маман ретінде аяққа тұруға септігін тигізеді.
– Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың өңірлік кадрлық резервіне іріктеудің бірінші кезеңі 1 наурызда басталды. Үміткерлер бес кезеңнен өтуі тиіс. Іріктеуге 35 жасқа дейінгі, жоғары білімі бар және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Алматы қаласы бойынша бірінші кезеңде 261 үміткер құжат тапсырса, соңғы кезеңге 43 үміткер өтті, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Шынарай Әлімхан.
Іріктеу қорытындысы бойынша, 30 резервист өңірлік кадрлық резервке қабылданады, олар екі жыл ішінде қаладағы жергілікті атқарушы органдардағы түрлі бос лауазымдарға байқаусыз тағайындалуға үміткер бола алады. Комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында іріктеудің соңғы кезеңіне Мемлекеттік қызмет істері департаменті тәуелсіз салалық сарапшыларды шақырған. Ал сарапшылар үміткерлер үшін іріктеудің ашық және әділ өтуін қамтамасыз еткен.
– Байқауға барлық азаматтың қатысуға құқығы бар, соңғы кезеңде мемлекеттік қызметшілерден басқа бизнес өкілдері, мұғалімдер, дәрігерлер, академиялық сала мен квазимемлекеттік сектор өкілдері де келді. Барлығына тең қолжетімділік қамтамасыз етілді. Ашықтық пен транспаренттілік де назардан тыс қалмады, – деді Алматы азаматтық альянсының төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов.
Оқи отырыңыз: Алматыда өңірлік кадрлық резервке үміткерлер іріктеліп жатыр