Сұрақ-жауап: Алмалы ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Екі сағатқа созылған кездесуде азаматтар жазбаша сауал жолдауға мүмкіндік алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алмалы ауданы тұрғындарымен 2 рет кездесу өткізген Алматы әкімі көтерлген мәселенің 96 пайызы орындалды деп мәлімдеді. Яғни, азаматтар айтқан 186 арыз-тілектің 179-ы жүзеге асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

200-ге тарта тұрғын қатысқан жиында көтерілген әуелгі мәселе – жолдың жайы. Себебі қаладағы ұзарту мен қайта жөндеуге тапсырылған көшелер осы ауданда орналасқан. Азаматтарды толғантқан тақырыптың бірі – аулаларды абаттандыру . Өйткені, Алмалы ауданында тұрғын үйдің көбі 40 жыл бұрын салынған.

– Үйімізге соңғы рет 1970 жылы жөндеу жүргізілген. Шамамыз келгенше, пәтердің ішін ретке келтіріп жүрміз. Үйдің қасбетін жөндеп беруді өтініп, әкімдікке де талай бардық, – деді қала тұрғыны.

Кездесуде айтылған екіқабатты тұрғын үйде 8 отбасы тұрады. Қатарға іліну үшін тұрғындар ойын жоба есебінде ұсынуы қажет. Соның аясында аула жаңарады, жөндеу жүргізіледі. Биыл 27 тұрғын үйдің қасбеті жасалды. Қазанның соңына дейін аудандағы 50 аула жөнделеді.

– 1950-55 жылдары салынған үйдің мәселесін бұған дейін де бірнеше рет айттым. Бірақ ешқандай шешім жоқ. Біздің аумақта жаңарту жұмысы бола ма? – деді қала тұрғыны.

Ерболат Досаев істің шешім тауып, нәтиже көрсетуі үшін тұрғындардың сауалына тікелей басқарма басшылары мен аудан әкімін, жауапты өкілдерді жұмылдырды.

– Тұрғындардың 14 пайызы жұмысты бастауға келіспей тұр. Әсіресе бақшаға шығатын жолы бар бірінші қабаттағы көршілер құжатқа қол қоймаған. Бұл аумақ бойынша жан-жақты тексеру жүргіздік, – деді  «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Арман Шәмшин.

– Біз дайынбыз, инвестор да күтіп отыр. Бірақ азаматтардың келісімінсіз ешқандай жұмысты бастай алмаймыз. 14 пайыздың жетеуі көнсе, қалған жеті пайыз қарсылықты не істейміз? Күтуден басқа амал жоқ, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Кездесу негізінен Алмалы ауданында өткенімен, басқосуға күттірмейтін шұғыл мәселесін айтып, өзге ауданның азаматтары да қатысты.

– Райымбек даңғылында 15-16 қабатты тұрғын үй көп. Бір демалатын саябақ жоқ, – деді қала тұрғыны.

– Қандай мүмкіндік бар, көрсетіңіздер. Қай жерде не істеуге болады? Қай жерге саябақ салуға болады? Биыл үлгермесек, келер жылы жасайық. Қаражат бөлінеді, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Екі сағатқа созылған кездесуде азаматтар жазбаша сауал жолдауға мүмкіндік алды. Қозғалған мәселелер күнтәртібіне еніп, жуық арада қарастырылатын болады.

Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Наурызбай ауданында алтын құрсақты аналар марапатталды

Новости партнеров