Алматыда орналасқан дәрі-дәрмек қоймаларына қажетті дәрілер шетелдерден үздіксіз жеткізілуде

almaty.tv
almaty.tv
Бүгін қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастаған мониторинг тобы дәрі-дәрмек қоймасына бақылау жүргізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы маңында орналасқан дәрі-дәрмек қоймаларына қажетті дәрілер шетелдерден үздіксіз жеткізіліп жатыр. Әйтсе де соңғы уақытта вирусқа қарсы, қызу түсіретін және қан сұйылтатын препараттарға деген сұраныс бірнеше есеге артқан. Бүгін қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастаған мониторинг тобы дәрі-дәрмек қоймасына бақылау жүргізді. Тексеру тобының мүшелері дәріханалардағы дүрбелең не себепті туып отырғанын және дәрі бағаларының неліктен қымбаттап кеткенін анықтауға тырысты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.

Дәрі-дәрмек қоймасында үлкен сұранысқа ие препараттардың бар-жоғына көз жеткізу үшін Алматыдағы ең ірі қоймалардың біріне келдік. Бақылау тобы мен журналистерге дәрілер сақталған сөрелерді аралауға мүмкіндік жасалды.

Дәл осындай қоймалардан еліміздің түпкір-түпкіріне мыңдаған препараттар жеткізіледі. Мұндағы мамандардың сөзінше, қоймада дәрі-дәрмек бар. Бірақ сұраныс екі есеге артқан.

«Әрине, пандемия жағдайында препараттарға деген сұраныс бірнеше есеге артып отыр. Әсіресе, вирусқа қарсы антибиотиктер, қанды сұйылтуға арналған, қызу түсіретін дәрілер көп партиямен алынып жатыр. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі тауарларды жеткізу мәселесінде жақсы көмектесіп жатыр. Ол үшін әрине рахмет айтамыз», – деді компанияның бизнесті дамыту жөніндегі директоры Саида Ерденбекова.

Қазір елге қажет деген вирусқа қарсы дәрі, антибиотиктер үздіксіз келіп түсіп жатыр дейді мамандар. Қоймаға жалпы 35 елден дәрі-дәрмек жеткізіледі екен. Мұнда сақталатын тауарлардың 80-85 пайызы шетелдік өнім болса, қалғаны отандық дәрі-дәрмектер. Қызметкерлер сырттан келетін өнімдердің бағалары едәуір өсіп отыр дейді. Бұны дәрі өндірушілері шикізаттың қымбаттауымен байланыстырып отыр.

«Шетелдік тауар өндірушілер шикізаттың қымбаттап кеткенін айтып, жеткізілетін дәрілердің де бағаларын көтеріп отыр. Сондықтан біз мемлекет бекіткен шектік бағамен кейбір дәрілерді сатып ала алмай жатырмыз. Осы мәселе мемлекеттік деңгейде қарастырылса екен. Бұл дәрілердің дер кезінде жеткізілуіне айтарлықтай кедергі келтіреді», – деді компанияның бизнесті дамыту жөніндегі директоры Саида Ерденбекова.  

Мұндағылар дәрі-дәрмекті кез келген сатып алушы компанияларға бере бермейміз дейді. Тауарлар тек арада кесілім-шарт жасалып, арнайы сертификаты бар фармкомпанияларға ғана сатылады. Алайда қоймадан тиелген преапараттар әрі қарай қалай және қандай бағамен сатылымға шығарылатыны белгісіз.

«Біз әлі де мониторинг жасаймыз. Көтерме компания мен аптекалардың арасында тұрған тағы бір компания бар деп ойлаймыз. Өзіміз енді ойлап отырмыз. Себебі Алматыдағы кейбір дәріханалардағы бағалар әртүрлі болып тұрғаны содан деп ойлаймыз», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Жазылбеков.

Бұдан бөлек қоймаларға 4 шілдеде Катардан, ал 6 шілдеде Қытайдан гуманитарлық көмектер келіп, бірден өңірлерге үлестірілген. Алматыға тиесілі тауарлар қоймадан бүгін шығарылыпты.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров