Күні кеше Президент пандемияға байланысты қалыптасқан жағдай бойынша қазақстандықтарға үндеу жариялады. Өз мәлімдемесінде мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселелерге ерекше тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соның ең маңыздысы – пандемия кезінде қаза болған отандастарымыздың рухына тағзым ету үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялауы. Одан бөлек, еліміз үшін қиын кезде теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекетін әшкерелеп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келетін алыпсатарларға қатысты да қатаң шаралардың қабылданып жатқанын хабарлады.
Өз мәлімдемесінде Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесінің індетке тойтарыс беруге дайын болмай шыққанын өкінішпен айта келе, қазір мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралардың қабылданып жатқанын хабарлады. Медицина қызметкерлері ерлігінің арқасында аурудан құлан таза айығып шыққандар да бар, дегенмен өмірімен қош айтысып жатқандар қаншама?! Іргеден келген індеттен көз жұмғандарды еске алу үшін мемлекет басшысы 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.
«Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі зиялы қауым өкілдері, саясаттанушылар тарапынан қолдау тапты. Олар бұл күні жұртшылықты дүниеден өткен барша қазақстандықтардың рухына тағзым етуге үгіттеді.
«Осы қаралы күнді елдіктің, бірліктің, мемлекеттіліктің бір нышаны ретінде үндеуге шақырамын. Расында, дәл осы күні телеарнамыздың, радиоарналарымыздың алаулатпай, жалаулатпай, ойын-сауық бағдарламаларын тоқтатып, сол дүниеден өткен барша азаматтарды еске алып, солардың рухына тағзым етіп, елдікті, болашақты ойлайтын, жаңа ұрпақтың келешекке басатын қадамына жол ашатын кемелді ойландыратын күн болсын!» – деді «Ана тілі» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжан.
«Қоғамға, билік органдарына, басқасына ой салатын, тоқтам болатын, мүмкіндігінше, бәрін үлкен салқынқандылықпен іскерлікке итермелейтін осындай мәлімдеме керек те болған шығар. Сөзсіз елімізде соңғы уақытта көптеген мәселе болды, көптеген өлім болды. Осыған орай 13 шілде күнін Ұлттық аза тұту күні деп жариялауда. Бәлкім, бұл бәрімізге ой салатын дүние болатын шығар», – деді саясаттанушы Айдос Сарым.
Өз мәлімдемесінде барлық азаматтарды карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырған мемлекет басшысы індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты екенін тағы бір ескертті. Дәрігерлердің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруін, дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетуін талап етті.
«Президенттің үндеуінде ең баса айтқан нәрсе – ол дәрігерлер тарапынан халыққа, науқастарға берілетін ақпаратымыз бірауыздан шығуы және науқастарға берілетін ақпарат кең көлемде, жеткілікті мөлшерде берілуі керек. Сондықтан біз теледидардан, әлеуметтік желілерде өте белсенді болу керекпіз. Үндеудегі негізгі нәрсе – дәрілік дефицит толықтай қамтамасыз етіледі», – деді ҚР Президенті іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев.
Сондай-ақ, Президент жалған ақпарат таратқан адамның Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес жауапқа тартылатынын ескертті. Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады. Одан өзге дәрі-дәрмектің бағасын қолдан өсіріп, пайда көргісі келетін алыпсатарлардың да қатаң жазаланатынын мәлімдеді.
«Қоғамның арасында президентіміз айтқандай кейбір азаматтардың медициналық дәрі-дәрмекке бағаны көтеріп, пайда тауып, соның арқасында нарықта тапшылық тудырып, халықты қиын жағдайда әкелген кейбір азаматтырдаң қылығы қоғамда түсінбеушілік тудырып жатыр. Сондай адамдарға тиісті шаралар қолданылады, қолданылып та жатыр», – деді ҚР БҒМ ҒК «Философия, саясаттану және дінтану институтының» директоры Ақан Бижанов.
Сөзінің соңында президент індетпен күрестің жалғаса беретіндігін айтып, уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсірмеуге шақырды.
Сая Мңдеке, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы