Жұмыспен қамту-2020: Алматыда 26 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ

Almaty.tv
Almaty.tv
214 инфрақұрылым жұмыстарына тек алматылықтарды тарту көзделуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елдегі карантин мен төтенше жағдайға қарамастан, атаулы әлеуметтік көмек уақытылы беріліп отырды. Ол үшін бюджеттен 77 млдр теңге бөлінген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда қомақты қаржы. Бұдан бөлек, елдегі карантин кезінде талай алматылық жұмыссыз қалып, кәсіпорындардың тоқтағаны белгілі. Енді қаладағы еңбек ахуалын жақсарту – басты талап. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі толықтырады.   

Елімізде төтенше жағдай орнағаннан кейін, талай бизнес иесінің кәсібіне тұсау салынып, әлемді жайлаған дерт оларға да кері әсерін тигізгені белгілі. Сол кезде қаладағы кәсіпорындардың 80 пайызы тоқтады. Қазір ресми түрде 13 мың азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Оның аясында 26 мың адамды тұрақты еңбекпен қамту жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 6400 адамнан өтініш келіп түскен. Оның 700-ден астамы құрылыс саласында жұмыс істеуге ниетті. Мемлекеттік бағдарламаға 103 млрд теңге бөлінген.

«Жол картасы аясында 468 жаңа жұмыс орындары құрылды. 12 жоба бойынша, оның ішінде тұрақты жұмыссыз болып тіркелген 38-і бүгінгі таңда жұмысқа орналасты. Ол бойынша құжаттар қабылданып жатыр. Ол үшін толық ақпаратты Назарбаев көшесіндегі 50-ші үйге тапсырсаңыз болады», - деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.

Елде карантин басталғалы жұмысынан уақытша айырылған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Қала бойынша өтінім берген 897 мың адамның 434 мыңға жуығына төлем жасалды.

«Өтінім бергеннен кейін ақша шотымызға 10 күннің ішінде түсті. Екінші рет қайта алған кезде ешқандай құжат тапсырмадық. Автоматты түрде түсті. Ол бізге үлкен көмек болды. Жұмыс істемей отырған кезде жеке қажеттелігімізге 42 500 теңге жеткілікті болды», - деді қала тұрғыны Сәуле КЕРІМБЕКОВА.

Төтенше жағдай кезінде қаладағы әлеуметтік санатқа кіретін отбасылар да назардан тыс қалмады. Оларға азық-түлік себеттері мен ақшалай көмектер көрсетілді. Қаладағы 52 мың адам «Біз біргеміз» қоры аясында 50 мың теңге көлемінде көмек алды.

«Энерготиімділік басқармасымен бірлесіп, коммуналдық қызметтердің төлемдері бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Біздің тарапымыздан 126 мыңнан астам азаматтың өтінімі Энерготиімділік басқармасына жолданды. Ол кісілердің барлық санаттары белгілі», - деді  Данияр ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.

Елдегі төтенше жағдай мен карантинге қарамастан, қалада атаулы әлеуметтік көмек кестеге сай кезең-кезеңімен жүргізілген. Тіпті, оның саны соңғы бес ай ішінде өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай ұлғайыпты.

«Қалада халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың 7 түрі бар. Бұл бойынша 77 млрд теңге бөлінген. Әлеуметтік осал топтағы 22 мың отбасы атаулы әлеуметтік төлем алды. Соңғы бес ай ішіндегі бұл көрсеткішті ауыз толтырып айтуға болады», - дейді «Шырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләззат ҚАЛТАЕВА

Алматыда 214 инфрақұрылым жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Ауқымды құрылысқа тек алматылықтарды тарту көзделуде.

Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров