Қала көшелері мен қоғамдық көліктерде тұрғындардың бетперде тағуын бақылау жұмыстары күшейе түсті. Ол үшін автобустарда ақылды камералар орнатыла бастады. Бұл эпидемиологиялық ережелердің сақталуын бақылайтын пилоттық жоба. Арнайы бақылау камерасының көмегімен алғашы күннен-ақ, 52 адамның бетпердесіз автобусқа мінгені анықталды. Ақылды камера қалай жұмыс істейді? Тәртіпке бағынбағандар үшін айыппұлдың көлемі қанша? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.
Бөлме шағын болса да, мұндағы атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. Орталықтағы 100 диспетчер қала ішіндегі автобустардың қозғалысын, әр аялдамаға уақытылы келіп-кетуін қадағалайды. Бұдан былай, мұндағы қызметкерлер автобустардан бөлек, жолаушыларға да бақылау жасамақ. Енді қоғамдық көлікке бетпердесіз кірсеңіз, бірден қырағы диспетчердің көзіне түсесіз.
Бұдан былай автобусқа бетпердесіз мінсеңіз бірден көзге түсесіз. Ол үшін тұрғындардың маскасының бар-жоғын анықтайтын ақылды камералар орнатыла бастады. Енді маскаңыз болмаса, діттеген жеріңізге жете алмайсыз немесе айыппұл арқалайсыз.
Бұл ақылды камералар жолаушылардың бетперде кигенінен бөлек, олардың әлеуметтік арақашықтығының сақталуын және автобустардағы адам санының 50 пайыздан аспауын бақылауға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба қала әкімдігі және «Қазақтелекоммен» бірлесіп, жүзеге асырылып отыр.
«Біз бұл жұмысты цифрлық технология негізінде жүзеге асырып отырмыз. Өткен аптаның жұма күнінен бастап «ақылды камераны» автобустарға сынамадан өткізу үшін орнаттық. Нәтижесінде 52 адам бетпердесіз болса, 89 адам оны дұрыс кимегені анықталды. Тестілеу жалғасуда», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бетпердесіз кіргенін анықтайтын ақылды камера әзірге қаладағы 10 автобусқа орнатылды. Мамандар тестілеу сәтті жүзеге асқанын және аз күннің ішінде өз тиімділігін көрсеткенін айтады. Ендігі мақсат цифрлық жүйені барлық қоғамдық көлікке кезең-кезеңімен орналастыру.
«Диспетчердегі қызметкерлерге камераны үнемі қарап отырудың қажеті жоқ. Автобусқа маскасыз кірген адамның үстінен қызыл белгі жанады. Ол бірден арнайы жүйеге тіркеледі. Көлік жүргізушісі оны байқап, ескерту жасай алады. Маска кигісі келмей, қарсыласатын жолаушылар да кездесуі мүмкін. Жолаушы масканы тақпайынша, автобустың жүрмей тұрып алуына мүмкінідігі бар», – деді қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.
Мамандардың айтуынша, көпшілік масканы дұрыс тақпайды. Біреуі иегіне іліп қойса, енді біреуі бетін толық тұмшаламайтын көрінеді. Көлік жүргізушісі бұрынғыға қарағанда қазір жолаушылардың 95 пайызында бетперде тағу сақталатын айтады.
«Камераны қойғалы жақсы болды. Бұрын камера жоқ кезде жолға қараймыз, маскаға қараймыз, кедергі болатын. Мына камера қойғалы бізге жоғарыдан сигнал келеді. Сол бойынша адамдардаға маска тақтырамыз», – деді автобус жүргізушісі Руслан Серікұлы.
Бүгінге дейін қоғамдық көлікте бетпердесіз отырған мыңға жуық жолаушыға айыппұл салынған. Оның көлемі 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 80 мың теңге көлемінде. Заң бұзушы оны 1 апта ішінде кешіктірмей төлесе 50 пайыз жеңілдікпен 40 мың теңеге төлей алады.