Алматыда автокөліктер үшін арнайы шара басталды. Игі акция қай аймақтарды қамтыды? Жобаның ерекшелігі қандай? Алматы облысын аралаған еріктілермен бірге Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай әңгімелейді.
Еріктілер «Бетперде тағыңыз» деген жазуы бар мынадай дөңгелек стикерлерді автокөліктердің артқы әйнегіне желімдеп жүр. Осылайша, акция ұйымдастырушылары жүргізушілер мен жолаушыларға ой салуды көздейді.
Игі жоба Қаскелеңнен бастау алды. Еріктілер стикерлерді қоғамдық және такси көліктеріне жапсырды. Жалпы Қарасай ауданына 100 жапсырма қағазы бөлінген екен. Коронавирус инфекциясынан қорғанудың ең қарапайым жолы бетперде дейді еріктілердің бірі.
«Маршрут, таксисттердің көлігіне Алматы қаласы еріктілерінің жедел штабы «маска тағыңыз» деген стикер дайындаған болатын. Сол стикерді қазір жабыстырып жатырмыз», – деді ерікті Айжан Балажанова.
Бетперде тағуды насихаттау үшін еріктілер командасы Жамбыл ауданындағы ең ірі базар маңында да барды. Бұл жолы тұрғындарға жапсырма қағаздарымен қатар маска да таратты. Ауқымды жобаны көлік жүргізушілері де қолдап отыр.
Ауқымды акция туристік аймақ Қапшағайда жалғасын тапты. Насихаттау шарасы мұндағы халық көп жиналатын тұрақта және көше бойында өткізілді.
Жоба Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бастау алған. Қала бойынша 100-ден аса ерікті алдағы бір апта көлемінде әрбір ауданды араламақ. Ал, алдағы күндері ұйымдастырушылар шараны бүкіл Қазақстанда өткізгісі келеді.
Сымбат Ноғай, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» арнасы