Ашық жерлерде де маска тағу міндетті. Бұл шектеуді біреу білсе, біреу біле бермейді екен. Бас санитардың соңғы қаулысында не айтылған? Көшеде бетпердесіз жүргендерге енді қанша айыппұл салынады? Алмалы ауданында өткен кезекті рейд шараларына Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай қатысып қайтты.
Әкімдік өкілі, полиция қызметкерлері және санитария мамандарынан құралған бригада бүгін Арбаттағы бетперде режимінің сақталуын пысықтады. Олар жарты сағаттың ішінде маскасыз жүрген 10 адамға хаттама толтырды. Бетперде тақпағандар енді 79 530 теңге төлеуі тиіс. Айыппұлды 7 күн ішінде төлесе жартысы кешіріледі. Ал, мамандар тәртіп бұзушыларға хаттама толтыру үлкен қиындық туғызып жатыр дейді.
«Бетпердесіз жүргендер, біріншіден, осы салынатын айыппұлдың көлемімен келіспей жатыр. Және де жеке басын куәландыратын құжаттарын бермей, бізге әкімшілік хаттама толтыруға біраз қиындық тудыруда», – деді Алмалы ауданы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Әсия Жұбаниязова.
Денсаулық сақтау министрінің соңғы заңнамасына сәйкес бес жасқа дейінгі балаларға, бес адамнан аспайтын топ таза ауада спортпен айналысса, одан бөлек медициналық көрсетілімі бар адамдарға бетперде тақпауға рұқсат. Сондай-ақ, тамақтану орнындағы келушілер де осы санатқа кіреді. Ал қалған азаматтар кез келген ашық орындарда да маска тағуы керек. Қала тұрғындарының бірі бұл шектеуді қолдаса, бірі оның тиімділігіне күмәнмен қарайды.
БЛИЦ-1: Пандемия жүріп жатыр, қаншама аурулар болып жатыр. Өзің үшін ғой. Кию керек.
БЛИЦ-2: Ашық жерлерде мен ойлаймын маска кию керек емес деп. Енді егер көп адам болып, дүкеннің ішінде, онда маска кию керек.
БЛИЦ-3: «Денсаулық – зор байлық» дейді ғой. Кішкентай балаларға дейін қазір маска тағатын болды ғой. Соны мен де тағамын, ол да дұрыс.
Аудан бойынша өткен рейдтік шаралар барысында бетперде тақпаған 300-ге жуық адамға айыппұл салыныпты. Жауапты тұлғалар қала тұрғындарын барлық санитария нормаларын қатаң сақтауға шақырады: Яғни, санитайзерлерді қолданып, маска тағу және қашықтықты сақтау қажет.
Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы