“Алаштың Абайы” музыкалық-поэтикалық кеші

Алматыда Абайдың 180 жылдығына орай 200-ден аса өнерпаз қойылым қойды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бес мыңнан астам адам Абайдың әйгілі «Көзімнің қарасы» мен «Желсіз түнде жарық ай» әндерін қосыла шырқады. Мәдени астана - Алматыда қазақтың ұлы ақынының 180 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Жиынға қала басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен шығармашылық ұжымдар қатысып, ойшыл, ағартушының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.   

Тұтас бір ұлттың тарихын жасаған Алаштың Абайының туғанына биыл 180 жыл толды. Алып шаһар Алматыда өткен мерейтой таңнан кешке дейін жалғасты. 5 мыңнан астам адам атсалысқан дүбірлі думан хакімнің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Артынша мерекелік іс-шара Республика сарайында жалғасып, кеш шымылдығын Абайдың жастық, махаббат туралы жырларымен Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов пен Саят Мерекенов түрді. 

«Абай десе – қазақ, қазақ десе, Абай еске түседі. Сондықтан Абайдың 45 қара сөзінде айтылған әрбір сөзі, – осы елге қалдырған үлкен сыйлығы. Әр сөзі түсінген адамға үлкен ой тастайды», - деді ҚР Еңбек ері Асанәлі Әшімов.

Ән әуелеп, жыр төгілген дүбірлі кеште ұлы ақынның көпке белгілі, танымал туындылары ғана емес, жұртшылықтың есіне түсе бермейтін ғажайып лирикасы, философиялық һәм психологиялық туындылары оқылды. Абай тәржімалаған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі әуелгі түпнұсқада - неміс тілінде, артынша орысша Лермонтовтың аудармасымен көрерменге ұсынылды. Одан соң қазақ халқының нұсқасы, яғни Абайдың нұсқасы оқылды.

«Абайдан кейін қазақ басқаша ойлайтын болды. Басқаша сөйлейтін болды. Ең қиын тіркестерді, ең қиын оралымдарды Абайдан кейін, Абай қалыптастырған әдеби тілмен емін-еркін жеткізетін болды. Абайдың басты тағылымы осы шығар. Қазақ тұрғанда, Абай да тұра бермек. Қазақтың осы Абайға деген сағынышы, Абайға деген құрметі мәңгілік болсын», - деді музыкалық-поэтикалық кештің сценарий авторы Базарбек Атығаев.

Бұл – тек мерейтой ғана емес, ұлттың рухани бірлігін, мәдени мұраны, Абай әлемін, Абай жолын дәріптеген керемет кеш болды. Көпшілік әр сөзден - өнеге, әр әуеннен қуат алды.

Рүстем Айткәрім, Гүлмарал Изатқызы, Олжас Омарбек, Медет Саматұлы, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Халықаралық жастар күні: Алматыда «ALMA LOVE» фестивалінің гранд-финалы өтті

Новости партнеров