Алматы әкімі Sunwah Group басшысымен инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Алматы әкімі Sunwah Group корпорациясы басқармасының төрағасы әрі Гонконг Қытай Бас сауда палатасының басшысы Цай Гуаньшэнмен кездесті. Кездесу барысында Алматы мен Гонконг арасындағы инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Тараптар биыл 24–25 қыркүйекте Алматыда өтетін Қазақстан–Қытай инвестициялық форумына дайындық барысына ерекше назар аударды. Қытайлық компаниялар мен қаржы институттарының қатысуы, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі де талқыланды. Алматының медициналық ұйымдары мен Қытайдың жетекші офтальмологиялық ауруханаларының бірі арасында мамандардың тәжірибе алмасуы және бірлескен консультациялар өткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар тау және тау шаңғысы курорттарын, туристік-рекреациялық инфрақұрылымды дамыту перспективалары қарастырылды. Осы бағыттағы жобаларды іске асыруға Sunwah Group пен қытайлық инвесторларды тарту мүмкіндіктері талқыланды.
Тараптар аталған бағыттар бойынша жұмысты жалғастырып, инвестициялық форум аясында нақты жобаларды ілгерілетуге басымдық беруге ниетті.
Оқи отырыңыз: Алматыда жөндеу жұмыстарына байланысты Өтеген батыр көшесінің бір бөлігі уақытша жабылады