Алматы қуыршақ театры Татарстандағы халықаралық фестивальде Қазақстанның атынан өнер көрсетеді

Фото организаторов
Фото организаторов
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Ресей Федерациясының Татарстан Республикасының Қазан қаласында өтетін VI халықаралық «Шомбай-fest – 2026» қуыршақ театрлары фестивалінде Қазақстанның атынан қатысады. Қуыршақ театры үшін бұл ірі халықаралық мәдени жобаға қатысу ғана емес, ерекше маңызға ие оқиға болмақ. Шетелдік көрермендерге соңғы жылдардағы ең жарқын премьералардың біріне айналып, алматылықтардың ықыласына бөленген «Ортеке» спектаклі алғаш рет ұсынылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

2026 жылы 17–21 маусым аралығында Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласы Қазақстаннан, Африка елдерінен, Серб Республикасынан және Ресейдің түрлі өңірлерінен келген үздік театр ұжымдарын қабылдайды. 2013 жылдан бері Татар мемлекеттік академиялық «Экият» қуыршақ театры ұйымдастырып келе жатқан халықаралық «Шомбай-fest» фестивалі татар фольклорындағы тапқыр, еңбекқор әрі әділ Шомбай есімді кейіпкердің құрметіне аталған. Биыл фестиваль бағдарламасына балаларға, жасөспірімдерге және ересек көрермендерге арналған түрлі жанрдағы 14 спектакль енгізілген. Фестиваль дәстүрлі түрде шығармашылық тәжірибе алмасуға, ұлттық мәдениеттермен танысуға және халықаралық мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін алаңға айналады.

Театрдың 90 жылдығына орай 2025 жылы тұсауы кесілген «Ортеке» спектаклі режиссер Григорий Лайконың жетекшілігімен шығармашылық топтың қатысуымен сахналанды. Қойылымды дайындауға композитор Давид Литвинов, суретші Мерей Ынтымақов және балетмейстер Ринат Билибаев та атсалысты. Спектакльде Бақытжан Қаюов, Әсемгүл Мансұрова, Шохан Құлназаров, Мейірхан Батырханов және Әлияр Нұраділ өнер көрсетеді.

Қойылымның басты ерекшелігі – қуыршақ өнерінің, жанды дауыста ән орындаудың, бидің, көрерменмен интерактивті қарым-қатынастың және ұлттық музыкалық аспаптарда ойнаудың табиғи үйлесім табуы. Спектакльге дайындық барысында театр артистері қысқа уақыт ішінде қобыз, сыбызғы, сазсырнай және басқа да ұлттық аспаптарда ойнауды меңгеріп, әсерлі әрі шынайы рух қалыптастыра алды. Музыка, халық аңыз-әңгімелері, тарихи кейіпкерлер және ежелгі ортеке өнері арқылы қойылым көрермендерді қазақ халқының бай мәдени мұрасымен таныстырады.

Қазан қаласындағы алдағы көрсетілім «Ортеке» спектаклінің шетелдегі алғашқы қойылымы, халықаралық көрерменмен алғашқы кездесуі және Қазақстаннан тыс жерде өтетін халықаралық театр фестиваліне алғашқы қатысуы болмақ.

Спектакль 18 маусым Татар мемлекеттік академиялық «Экият» қуыршақ театрының сахнасында сағат 14:00 және 17:00-де көрермен назарына ұсынылады.

«Шомбай-fest – 2026» фестивалі туралы толық ақпаратты  www.puppet-show.ru  сайтынан алуға болады.

Оқи отырыңыз: Алматы Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесін Хиуа қаласына табыстады

Новости партнеров