Жоба аясында қолданыстағы жабын толықтай жаңартылды
Алматы халықаралық әуежайы аэродром инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясындағы негізгі жобалардың бірі – Оңтүстік перронды қайта жаңарту жұмыстарының соңғы кезеңіне шықты. Жаңа нысан ұшу қауіпсіздігін, пайдалану тиімділігін арттырып, әуежайдың халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба аясында қолданыстағы жабын толықтай жаңартылды, өйткені ол қазіргі пайдалану талаптарына сәйкес келмейтін деңгейге жеткен болатын. Жаңа Оңтүстік перрон әуежай инфрақұрылымын жобалаудың халықаралық стандарттары мен үздік әлемдік тәжірибесіне сәйкес әзірленді.
Жаңа бетон жабынының жалпы ауданы 56 000 м² құрайды. Жабын конструкциясы айтарлықтай күшейтілді: оның қалыңдығы 60 см-ден 1,85 метрге дейін ұлғайтылды, оның ішінде 45 см жоғары беріктікті бетон қабаты қарастырылған. Бұл ауыр әуе кемелерін қабылдауға және инфрақұрылымның ұзақ мерзімді сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба аяқталғаннан кейін Оңтүстік перрон бір мезгілде Code E санатындағы 3 әуе кемесін (Boeing 777, Airbus A340 және Boeing 747) немесе Code B және Code C санатындағы 12 әуе кемесіне дейін, оның ішінде Airbus A320 және Boeing 737 әуе кемелері мен бизнес-джеттерді қабылдай алады.
Әуе кемелерін орналастырудың икемді схемасы пайдалану тиімділігін арттырады.
Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізілуде. Бұл құрылыс барысында әуе кемелеріне арналған тұрақ орындарының үздіксіз қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Оңтүстік перронды қайта жаңарту - Алматы халықаралық әуежайының ұзақ мерзімді даму бағдарламасының бір бөлігі.
Жоба аэродром инфрақұрылымының сенімділігін арттырып, халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етуге және әуежайдың одан әрі дамуына қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Шымкентте жылу желілерін енді жасанды интеллектісі бар робот тексереді