Алматы – төрт маусымдық туристік орталық: тау кластерін дамыту жұмыстары қалай жүріп жатыр
Алматының тау кластерін дамыту арқылы шаһарды халықаралық деңгейдегі төрт маусымдық туристік орталыққа айналдыру көзделіп отыр. Бұған дейін тау курорттары қысқы демалыс пен шаңғы спортының орталығы саналатын, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алайда соңғы жылдары әлемдік туризм индустриясында жаңа үрдіс қалыптасты. Енді заманауи тау курорттары бір маусыммен шектелмей, туристерді жыл 12 ай қабылдауға бейімделіп жатыр. Жобаның ауқымы тек туристік нысандарды көбейтумен шектелмейді. Жаңа инфрақұрылым құру, қызмет көрсету сапасын арттыру, туристік ағынды бірнеше бағытқа бөлу және жергілікті кәсіпкерлікті дамыту да – негізгі міндеттердің қатарында.
Алматы тауларының әлеуетін толық пайдалану арқылы қаланы қысқы спорттың ғана емес, жыл бойы демалыс пен белсенді туризмнің орталығына айналдыру қолға алынды.
«Жоба аясында жыл бойы демалыс ұйымдастыру көзделген. Яғни, тек қысқы демалыспен шектелмейміз. Жаз мезгілінде хайкиң, жаяу туристік бағыттар, треккиң, сондай-ақ тауда түрлі спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Басты мақсатымыз – алматылықтар мен қала қонақтарын жыл он екі ай бойы таудағы түрлі белсенді демалыс түрлеріне шоғырландыру. Алматы тауға жақын орналасқандықтан, бұл аумақтарды жыл бойы пайдалануға мүмкіндік мол», – деді «Almaty Tau management» баспасөз хатшысы Сәулет Құсайынова.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Қалқаман» метро бекетін 1 желтоқсанға дейін іске қосу жоспарланып отыр