Олардың қатарында жұмыссыз және мұқтаж азаматтар бар
Алматыда 2026 жылдан бастап бұрын сақтандырылмаған 60 мыңнан астам тұрғын жергілікті бюджет есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қосылады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Мұхамеджан Ілияс осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір Алматыда шамамен 2,3 млн адам тұрса, олардың 1,9 миллионы (82%) сақтандырылған мәртебеге ие екен. Қала тұрғындарының шамамен 444 мыңы қазір осы МӘМС жүйесінен тыс қалған.
«Сақтандырылмағандардың қатарында D мен Е санатына жататын, яғни жағдайы қиын және шұғыл деңгейдегі азаматтар бар. Бұлар өмірінде қиындық болып жатқан шамамен 95 мың тұрғын. Олардың табысы жоқ, болса да өте төмен, күнкөрісіне жетпейді, сондықтан олар мемлекеттің қолдауына қатты мұқтаж», – деді ол.
2026 жылы осы санаттағы медициналық көмекті тұрақты пайдаланатын 34 мың адам үшін МӘМС жарнасын жергілікті бюджеттен төлей бастамақ.
Сонымен қатар ресми түрде тіркелген 28 мың жұмыссыз азамат үшін де жарнаны жергілікті бюджет есебінен төлейді.
«Есепке қарағанда, 2026 жылы аталған санаттағы адамдарға жарна төлеуге кететін шығын 6,9 млрд теңгеден асады. Бір адамға ай сайынғы жарна – 9189 теңге. Бұл ретте осы санаттағы барлық азамат автоматты түрде сақтандырылып, жарналар медициналық көмекке нақты жүгінген жандарға төленеді», – деді Мұхамеджан Ілияс.
Келер жылға қаңтардан бастап осы санаттағы тұрғындарға МӘМС жүйесінде дәрігерлік көмек алуға құқығын растайтын SMS-хабарлама келе бастайды.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Алатау ауданындағы жаңа логистикалық кешеннің жұмысымен танысты