Республика күніне орай Алматыда ерекше мерекелік концерт өтті

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Елімізде мұндай дүние көрермен назарына алғаш рет ұсынылып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Республика күні қарсаңында Алматыда ерекше концерт өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында ауқымды мәдени жоба — «Япурай» гала-хор қойылымының премьерасы болды. Елімізде мұндай дүние көрермен назарына алғаш рет ұсынылып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Хорды екінші планда көріп үйренген халық үшін бұл концерттің жөні бөлек. «Япурай» спектаклінде өнер ұжымы алдыңғы орынға шықты. Мұндай бірегей жоба қазақ сахнасында бұрын-соңды болмаған еді.

«Әншілердің, хор солистерінің әдемі әніне ғашық болдым. Сонда маған "Неге хор солистеріне арнап гала концерт жасамасқа?» деген ой келді. Ұлттық театр болғандықтан,  «неге ол жерде қазақ үні театрдың үні шырқалмасқа» деген ниет болды. Сол ниет осы күнге жеткізді», - деді Абай атындағы Опера және балет театрының директоры Айнұр Көпбасарова.

Гала хор қойылымына дайындық бір жыл бұрын басталған. Қазақтың көне халық әндері өңдеуден өтіп, әлемдік опералардың туындылары да жіті таңдалған. Тіпті сахнаға жарық қою үшін Италиядан арнайы мамандар шақыртылыпты.

«Біздің театр үшін бұл расында да үлкен құбылыс болды. Тарихта алғаш рет хорды басты рөлге қойып отыр. Халықтың көңілінен шықты деген ойдамыз. Әрине, біз бұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда көрерменді ауқымды тосын жобаларымыз күтіп тұр», - деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, бас дирижер Нұржан Байбосынов.

«Япурай» спектаклі қазақ музыкасының әсемдігін, халық рухының бірлігін және ұлттық мәдениеттің терең тамырын бейнелей отырып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ал Абай атындағы опера және балет театрында Опера күніне арналған тағы бір ғажап арт концерт өтеді.

Асыл Махметов, Думан Дәулетбақұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Азаттықтың ақ таңына тағзым: Алматыда салтанатты іс-шара өтті

Новости партнеров