Әкім назарында: Алматыда түйткілдер қалай шешіліп жатыр

Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Алматы әкімі қызметіне көктемде кірісті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алатауы айқара ашылып қарсы алса, Көктөбесі жайқала жадырап құшақ жаятын Алматы – көпке арман. Алайда, мыңжылдық тарихы бар алып шаһарда мәселе жоқ емес. Ондағы түйткілдердің түйінін тарқату тікелей қала басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асады. Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Алматы әкімі қызметіне көктемде кірісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала басшысы өз жұмысын алдымен мегаполисті аралаудан бастады. Әуелі маңызды инфрақұрылым нысандарын түгел көріп шықты. Шаһар әкімі ерекше көңіл бөлініп отырған мәселе – электр жүйесі. Қала басшысы мегаполисті жарықтандыру жайына айрықша назар аударып келеді. Әкім пәрменімен қазір Алматыдағы көпқабатты үйлердің қасбетіне сәулеттік жарықтандыру орнату қарқын алған. Сондай-ақ Дархан Сатыбалды азаматтарды толғандырған түйткілдерді тыңдау үшін шаһар жұртымен жиі тілдеседі. Қалаға бертін қосылған шағын аудандардағы жағдаймен де танысып, ондағы барлық желілерді қала балансына өткізуге назар аударды.

Шаһар әкімі ерекше назарға алатын мәселенің бірі – қаладағы жол мен инженерлік желілердің жайы. Мегаполис басшысы құбыры ауыстырылып, жүйелері жаңарған учаскелерді аралаған еді. Тұрғындардың уәжінен соң ондағы жолды қалпына келтіру барысымен де танысып,  жауаптыларға міндеттерін мінсіз атқаруға пәрмен берді. 

«Уақыт өткізіп алмаңыздар, бір күн бір сағат та уақыт өтпеу керек. Аштыңыздар ма, қайтадан жауып, қалпына келтіру керек. Беймарал жүретін уақыт жоқ. Қаланың бәрін қазып тастағансыздар. Дұрыс қой, қазып істеу керек, бірақ енді оны созбау керек қой», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Қала әкімі қоғамдық көлікті дамыту ісіне де ерекше көңіл бөлді. Жұмыс сапары аясында қаланың коммуналдық автобус және троллейбус парктерін аралап, олардың техникалық жағдайы мен қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасын тексерді. Сондай-ақ «Оңай» диспетчерлік орталығының жұмысымен танысып, метро мен БРТ-ның құрылыс алаңына ат басын бұрды.

«Сол жақтағы тоннельде рельс салынды, ал оң жақтағы тоннельде 308 метр рельс төселуі керек. Ақпанның аяғында бітеді. Құрал-жабдықтарға тапсырыс берілді. Биыл 28 млрд теңге бөліді, соның 20 млрд теңгесі игерілді. 8 млрд теңге желтоқсан айында жұмсалады», – деді Мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев.

Тау бөктеріндегі құрылысқа шектеу қою мәселесі де қала әкімінің тікелей бақылауында. Мемлекет басшысы Дархан Сатыбалдыға шаһардың жоғарғы бөлігінде көппәтерлі тұрғын үйлер салуға және аумақты тарылтатын құрылыс жүргізуге мораторий енгізуді тапсырған. Мегаполис әкімінің назарына іліккен тағы бір мәселе – шаһарды көгалдандырып, аумақтарды абаттандыру. Биыл 20 жылда алғаш рет Тереңқұр саябағы жаңғыртылып, Қарасу саяжолы ашылды. Ал жыл соңына дейін қала бойынша 170 мың ағаш отырғызылады деп жоспарланған.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Дархан Сатыбалды «Қалқаман» метро бекетінің құрылыс жұмыстарын тексерді

Новости партнеров