Алматыда Қарасу, Боралдай және Үлкен Алматы каналы аумағы тазартылды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қала тұрғындары үшін сенбілікке қатысу дәстүрлі үрдіске айналып келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, қаладағы маңызды қоғамдық кеңістіктер тазартылды. Негізгі жұмыстар Қарасу және Боралдай шағынаудандарында, сондай-ақ Үлкен Алматы каналының бойында жүргізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала тұрғындары үшін сенбілікке қатысу дәстүрлі үрдіске айналып келеді. Бұл жолы да күн жаңбырлы болғанына қарамастан, тазалық жұмыстарына 550-ден астам адам — белсенді тұрғындар, мердігер ұйымдардың өкілдері, коммуналдық қызметкерлер мен әкімдік қызметкерлері қатысты.

Жұмыстардың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында 70 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде қоғамдық аумақтар тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды, өзен-көл жағалаулары мен іргелес аумақтар ретке келтірілді. Жалпы 250 текше метр қоқыс шығарылды. 

Алатау ауданы әкімдігінің көріктендіру бөлімінің басшысы Данияр Қаршыбеков мұндай іс-шаралардың жүйелі түрде өткізілетінін айтты.

«Қаланы тазарту және көркейту жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау — әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Жаңбырлы ауа райына қарамастан, алматылықтар жоғары белсенділік танытып, акцияны қолдады», — деді ол.

Мұндай экологиялық бастамалар тазалық мәдениетін қалыптастырып, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға және қаланың келбетін жақсартуға ықпал етеді. Қоғамдық кеңістіктер мен су нысандарын күтіп ұстау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Оқи отырыңыз: «Мөлдір бұлақ»: Алматыда өзен жағалаулары мен қоғамдық кеңістіктер тазартылды

Новости партнеров