Алматыда әлем асханаларын біріктірген гастрономиялық фестиваль өтті
Қала тұрғындары мен қонақтары тағамдардан дәм татып қана қоймай, ашық аспан астында олардың әзірлену барысын тамашалады
Алматыда қалалық гастрономиялық фестиваль өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһардағы 20-ға жуық мейрамхана Арбат төрінде бас қосып, келушілерге сан алуан ас мәзірін ұсынды. Бір алаңда қазақтың ұлттық тағамдары мен әлем асханасының түрлі дәмі тоғысты.
Қала тұрғындары мен қонақтары тағамдардан дәм татып қана қоймай, ашық аспан астында олардың әзірлену барысын тамашалады.
Фестивальге арнайы келген колумбиялық аспаз Брандо Мориса көпшілік алдында аспаздық шеберлігін көрсетті. Ал Лондоннан келген халықаралық журналист әрі гастрономиялық шолушы Виктория Берроуз қазақ асханасымен танысып, жергілікті тағамдардан дәм татты.
– Маған Қазақстанның тағамдары қатты ұнады. Әсіресе бешбармақ пен бауырсақтың дәмі ерекше есте қалды. Қазақ асханасында өзбек, қытай, парсы тағамдарына ұқсас тұстар да бар екен. Сонымен қатар көшпелі халықтың дәстүрі де жақсы сақталған. Осындай түрлі мәдениеттің бір асханадан көрінуі мен үшін өте қызық болды, – деді гастрономиялық шолушы Виктория Берроуз.