Алматының Бас жоспары кешенді сараптаманың оң қорытындысын алды
Экологиялық қаңқаның негізіне тау бөктері, өзен аңғарлары, саябақтар мен скверлер жатады
Алматы мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына түзетулер енгізу жобасын мақұлдады. Жоба кешенді қала құрылысы сараптамасынан өтіп, оң қорытынды алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сессияда Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов жаңартылған Бас жоспардың негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, құжатта қоршаған ортаны қорғау шараларын күшейту, экологиялық ахуалды жақсарту, сейсмикалық шағынаудандастыру нәтижелерін ескере отырып қалалық ортаны теңгерімді дамыту, табиғи аумақтарды сақтау және тау бөктерін ретсіз құрылыс салудан қорғау мәселелеріне басымдық берілген.
«Көлік инфрақұрылымын дамытуға, метро мен LRT желілерінің бағыттарын жетілдіруге, көлік ауыстыру тораптарын қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Алматының іргелес аумақтармен және Алматы облысындағы Алатау қаласының агломерациялық аймағымен байланысы ескерілді. Бас жоспарға енгізілген түзетулер жасыл белдеудің шекарасын нақтылап, оны кеңейтуге, Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан аумақтарда, су қорғау және сейсмикалық қауіпті аймақтарда құрылыс салуды шектеуге мүмкіндік береді. Құжат тұрғын үй құрылысының орналасуы, мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелердің, қоғамдық көлік пен жасыл және қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігі, инженерлік желілерді дамыту, сондай-ақ шамадан тыс құрылыс салудан қорғалуға тиіс аумақтарды айқындау секілді тұрғындар үшін маңызды мәселелерді қамтиды», – деді Бейбіт Шаханов.
Қала әкімінің орынбасары Бас жоспардағы негізгі басымдықтардың бірі Алматының табиғи негізін сақтау екенін атап өтті. Құжатта тау бөктеріндегі ландшафттарды, су ресурстары мен көгалдандырылған аумақтарды қорғау, сондай-ақ қаланың біртұтас экологиялық қаңқасын қалыптастыру көзделген.
Экологиялық қаңқаның негізіне тау бөктері, өзен аңғарлары, саябақтар мен скверлер жатады. Бұл аумақтарды өзара байланысқан бірыңғай жүйе ретінде дамыту экологиялық жағдайды жақсартуға, табиғи байланысты сақтауға және тұрғындардың демалыс орындарына қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жаңа құрылыс пен инфрақұрылым нысандарын орналастыру кезінде табиғи шектеулер, сейсмикалық шағынаудандастыру нәтижелері және су қорғау аймақтарына қойылатын талаптар міндетті түрде ескеріледі. Қаланың дамуы табиғи әлеуетті азайту есебінен емес, керісінше оны сақтау және қалпына келтіру қағидатына негізделуге тиіс», – деді Бейбіт Шаханов.
Оның айтуынша, жаңартылған Бас жоспарда Алматыны дамытудың полиорталық моделі сақталып, одан әрі нақтыланды. Ол бес негізгі аумақты қамтиды: «Тарихи орталық», «Шығыс қақпа», «Солтүстік», «Оңтүстік-батыс» және «Батыс».
«Негізгі міндет – жұмыс орындарын, қызмет көрсету нысандарын, әлеуметтік инфрақұрылым мен қоғамдық функцияларды қала аудандары арасында барынша тең бөлу. Бұл тұрғындарға күнделікті қажетті қызметтер мен мүмкіндіктерді тұрғылықты жеріне жақын аумақтан алуға жағдай жасайды. Нәтижесінде қаланың бір бөлігінен екіншісіне күнделікті қатынау қажеттілігі азайып, негізгі магистральдарға түсетін жүктеме төмендейді. Сонымен бірге тарихи орталықтың мәдени және сәулеттік бірегейлігін сақтап, оған түсетін көлік және функционалдық жүктемені кезең-кезеңімен азайту маңызды», – деді қала әкімінің орынбасары.
Жаңартылған Бас жоспар соңғы деректер негізінде әзірленген. Құжат экологиялық және сейсмикалық факторларды, көлік жүйесінің мүмкіндіктерін, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктемені ескере отырып, Алматының теңгерімді әрі орнықты дамуына бағытталған.
Оқи отырыңыз: AGGE Festival: Алматыда гик-мәдениет жанкүйерлері жиналды