Алматының индустриялық аймағы кеңейіп, инвестиция көлемі артады

Бүгінде индустриялық аймақты дамытудың екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының индустриялық аймағы тағы 393 гектарға кеңеймек. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 Спикердің айтуынша, бөлінген әр гектар жерге кем дегенде 3 млрд теңге инвестиция тарту жоспары бар. Бүгінде индустриялық аймақты дамытудың екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында биыл жыл соңына дейін немесе келер жылдың басында 196 гектар аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.

“Бүгінде Алматы елімізге келетін барлық шетелдік инвестицияның 42 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. 2026 жылы жалпы құны шамамен 600 млрд теңге болатын 35 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ал жалпы инвестициялық портфель 2,8 трлн теңгеге бағаланған 165 жобаны қамтиды”, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов.

Одан бөлек, ол шаһарда машина жасау, IT, фармацевтика, логистика және тамақ өнеркәсібіне қатысты жалпы құны 1,2 трлн теңгеден асатын ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге аса бастағанын айтты. Қазір индустриялық аймақта жылына 80 мың автокөлікке дейін өндіретін, инвестиция көлемі шамамен 100 млрд теңгені құрайтын автозауыт, сондай-ақ жылына 10 млн тежегіш жүйелері жиынтығын шығаратын кәсіпорын салынып жатыр. Бұл жобалар 1 600-ден астам жаңа жұмыс орнын ашып, өңірдің экспорттық әлеуетін арттырмақ.

Сонымен қатар мегаполис әкімінің орынбасары сауда орындары мен қала әуежайының жаңғыртылуына да тоқталды.

“Жаңғырту аясында жәрмеңке алаңдары қаланың дизайн-кодына сәйкес бірыңғай сәулеттік стильде түрленеді. Онда жабық және ашық сауда павильондары, автотұрақтар, аялдама кешендері, қоғамдық тамақтану орындары мен көріктендірілген қоғамдық кеңістіктер қарастырылған. Пилоттық жоба ретінде «Қазақфильм» шағын ауданындағы жәрмеңке алаңы таңдалды. Бұл аумақта шамамен 100 сауда орны орналастырылып, павильондар жаңартылып, айналасы көркейтіледі. Жұмыстарды биыл мамыр айында аяқтау жоспарланып отыр”, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов.

Оқи отырыңыз: Маусымдық аллергия: аурудың белгілері мен емдеу жолдары қандай

Новости партнеров