Дәрігер маусымдық аллергия астмаға айналуы мүмкін екенін ескертеді
Алматыда маусымдық аллергияға шалдыққандар саны жыл сайын артып келеді. Мамандардың мәліметінше, бүгінде дерттің бұл түрімен халықтың 40 пайызға жуығы ауырады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде әр төртінші адам аллергиямен күреседі. Көктеммен қатар келетін аллергия белгілерін асқындырмаудың жолдары қандай? Осы және өзге де сауалдарға №1 қалалық клиникалық ауруханасының аллергология бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Құлышева Almaty.tv эфирінде жауап берді.
— Әйгерім Мұратқызы, маусымдық аллергия дегеніміз не? Оны емдеудің тиімді әдістері қандай?
— Маусымдық аллергия – өсімдіктердің тозаңына ағзаның жоғары сезімталдық реакциясы. Негізгі белгілері: мұрын бітелу, мұрыннан су ағу, түшкіру, көз жасаурау және құрғақ жөтел. Халықаралық хаттамаға сәйкес, міндетті түрде ем қабылдау қажет. Ол үшін антигистаминдік препараттар қолданылады. Олардың қатарына никсал, лоратадин, зиртек және басқа да түрлері жатады. Сонымен қатар көзге арналған тамшылар мен мұрынға себілетін спрейлер қолданылады.
Бұдан бөлек, маусымдық аллергияны асқыну кезеңінен тыс уақытта емдеуге арналған әдістер бар. Ол – аллергенге тән иммундық терапия. Мұндай емді қыс мезгілінде, ауада тозаң болмайтын желтоқсаннан наурыз айына дейін жүргізген тиімді. Ол үшін емханадан республикалық немесе өңірлік аллергоорталыққа жолдама алып, арнайы диагностикадан өту қажет. Диагностика нәтижесінде қандай тозаңға аллергия бар екені анықталып, соған сәйкес емдеу сызбасы тағайындалады.
— Дәрі-дәрмекті қабылдауды қашан бастаған дұрыс? Жеңіл аллергия астмаға айналуы мүмкін бе?
— Аллергияның алдын алу үшін емді алдын ала бастаған дұрыс. Ең тиімді кезең – қыс мезгілі. Егер бұл уақыт өтіп кетіп, белгілер мазалай бастаса, онда симптоматикалық ем қабылданады. Дұрыс емделмеген жағдайда аллергия уақыт өте келе асқынып, жеңіл түрі бронх демікпесіне айналуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Трендтегі лаймберри: дәрігерлер тәттінің зияны туралы ескертті