Бояулар әлеміндегі Алматы: Медеу ауданында оқушылар арасында сурет байқауы өтті
Жас суретшілер шаһардың символына айналған Көктөбе саябағында қаланың көркем келбетін бейнеледі
«Бояулар әлеміндегі Алматы». Дәл осындай атаумен Медеу ауданында сурет байқауы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаланың мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шараға жалпы білім беретін мектептер мен білім беру ұйымдарының оқушылары қатысты. Жас суретшілер шаһардың символына айналған Көктөбе саябағында қаланың көркем келбетін бейнеледі. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бастама жас ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, жеткіншектердің талантын ашуға сеп болады
«Байқауға ауданымыздан 150 оқушы қатысты. Негізгі мақсатымыз– оқушылардың қалаға деген сүйіспеншілігін арттырып, бояумен әсемдігін, әдемілігін көрсету», – деді Медеу ауданы білім бөлімінің басшысы Ақнұр Нұрәлиева.
«Сурет байқауын әртүрлі мерекелерде дәстүрлі түрде ұйымдастырып отырамыз. Бірақ Көктөбеде табиғат аясында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. 50-ден астам оқушы марапатталады деп отырмыз. Олар «Таланттар шеруі» атты қала күніне орай ұйымдастырылатын концертте марапатталады», – деді № 5 оқушылар үйінің директоры Сайрагүл Шағатаева.
Оқи отырыңыз: Жас экобелсенділер: Алматыда білім беру ұйымдары арасында экологиялық байқау өтті