Қуыршақ театры Алматы күніне орай қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Алматы қаласының туған күніне орай қала тұрғындары мен қонақтарына бойлы қуыршақтардың, әйгілі ертегі кейіпкерлерінің, көңілді клоундардың қатысуымен мерекелік шеру өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алатаудың бөктерінде орналасқан әсем шаһардың орталығында өткен бұл шара театр өнерін қала кеңістігіне шығарып, мерекелік күнге ертегі мазмұнын қосты.

Шеру шаһардың көрікті орталықтарының бірі – Панфилов бульварының бойымен жүріп өтіп, жарқын кейіпкерлер көшені мерекелік кеңістікке айналдырып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады. Кішкентай бүлдіршіндер қызықты интерактивті ойындарға қатысып қана қоймай, көңілді флешмоб билеп, сүйікті ертегі кейіпкерлерімен естелік фотосуреттерге түсті. 

Шерумен басталған мерекелік іс-шара Арбат алаңында қуыршақтардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұласты. Қуыршақ театры ұсынған мерекелік шеру мен концерттік бағдарлама Алматының мәдени келбетін айшықтап, театр өнерінің көрерменге жақын әрі қолжетімді бола алатынын көрсетті.

Қала күніне арналған мерекелік шеру мен концерттік бағдарлама 20 қыркүйек күні де көпшілік қауымға ұсынылатын болады. Алматы қаласының осы бір маңызды күні қызықты да көңілді іс-шараларынан қапы қалмаңыздар.

Оқи отырыңыз: Бояулар әлеміндегі Алматы: Медеу ауданында оқушылар арасында сурет байқауы өтті