EcoQala Fest: Медеу ауданында тазалық фестивалі қалай өтті

Ботагоз Жокенкызы

Жастар саясаты басқармасы экомәдениетті қалыптастыру мақсатында 9 түрлі жобаны қолға алған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық жастар «Таза Қазақстан» акциясы аясында «EcoQala Fest» іс-шарасын өткізуге атсалысып жатыр. Тазалық фестивалін ұйымдастыруға қалалық Жастар саясаты басқармасы қолдау көрсеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

«EcoQala Fest» фестивалінің кезекті кезеңі Медеу ауданында өтті. Бұған дейін бұл іс-шара Наурызбай, Алатау, Алмалы және Әуезов аудандарында ұйымдастырылған. Аталған жоба қаланың барлық ауданын қамтып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруды көздейді.

«Бұл жобаның басқалардан ерекшелігі сенбілікте мемлекеттік қызметкерлер ауласын тазартады. Эко рейнджерлеріміз, волонтерлер, белсенді жастар «Таза Қазақстан» акциясының аясында аулаға кіріп, керек жабдықтарды беріп, тұрғындарыменбірге қоқыч жинауға көмектеседі», – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.

Іс-шараға қаланың белсенді жастары, волонтерлер, эко рейнджерлер мен комьюнити орталықтардың резиденттері қатысты. Фестиваль экологиялық бастамаларға бейжай қарамайтын азаматтарды біріктіріп, мегаполистің тазалығына үлес қосуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, аталған фестиваль қала аумағында тұрақты түрде өткізіледі деп жоспарланған.

«Маған берілген тапсырма – акцияға қатысуға ниет білдірген балалардың жағдайын жасау. Олар фестивальді қолдап, іс-шара жайында достарына, отбасына айтып берсе деген ойымыз бар. Бұл да тазалық науқандарының ауқымын кеңейтеді», – деді эко рейнджер Санжар Тәңірберген.

«Өте қызық өтіп жатыр. Музыка қосулы, аумақты жинап жүріп, билеп те алады. Балаларға балмұздағын, сусынын әпереміз. Олар көргенін үлгі етіп, ауласын ластаудан аулақ болады», – деді қоғамдық кеңестің мүшесі Рустам Қайрыев.

Айта кетейік, Жастар саясаты басқармасы экомәдениетті қалыптастыру мақсатында 9 түрлі жобаны қолға алған. Оның аясында апта сайын сенбілік өтіп, «Тазалық күні» ұйымдастырылады.

Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды: «Тазалық мәдениетін қалыптастыруда жастар негізгі рөл атқарады»

Новости партнеров