Қос ғашықтың сыры: Бостандық ауданында ерекше аудиоқойылым іске қосылды
Қойылымды тамашалау үшін смартфон, интернет, құлаққап және ыңғайлы аяқ-киім жеткілікті
«Қос ғашықтың әңгімесі». Бұдан былай мегаполис тұрғындары мен қонақтары Алматы көшелерінің тарихын өзгеше форматта білуге мүмкіндік алады. Қала күніне орай Бостандық ауданында «Абай даңғылымен серуен» атты аудиоқойылым іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді көрермен театр залына бармай-ақ, спектакль кейіпкеріне айнала алады. Телеграм бот арқылы құлаққап тағып, даңғылды аралаған күйі қос ғашықтың әңгімесіне қанық болады.
Абай даңғылы – алматылықтар күн сайын жүріп өтетін таныс бағыт. Бұл көшенің әр ғимараты мен әр бұрышының өзіндік тарихы бар. Енді сол тарихты қала тұрғындары жаңа аудиоқойылым форматында тыңдай алады.
«Алматы – алып шаһар. Ал Бостандық ауданы – қаланың ең үлкен аудандарының бірі. Біз бұл ауданды тарихы бар сәулет нысандары арқылы емес, ең алдымен, сол нысандарға қатысы бар адамдардың тағдыры арқылы көрсеткіміз келді. Олар – танымал спортшылар мен мақтан тұтар тұлғалар. «Абай даңғылымен серуен» деп аталатын аудиосеруен қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі әрі тегін. Осы серуен барысында интернеттен ешқашан таба алмайтын қызықты деректер мен оқиғаларды біле аласыз», – деді жоба авторы Анна Шелепова.
Қойылымды тамашалау үшін смартфон, интернет, құлаққап және ыңғайлы аяқ-киім жеткілікті. Ал телефондағы телеграм бот арқылы Алма мен Данияр есімді қос ғашықтың әңгімесі басталып, архивтік суреттер экран бетіне шығады, қазіргі Алматының көріністері көрсетіледі.
Абай даңғылының бойымен серуендеп жүрміз. Қарапайым Алматының тұрғындары үшін бұл – жай ғана көше болса, «Абай даңғылымен серуен» жобасын қолданатындар керемет мүмкіндік. Құлаққапты пайдалану арқылы Абай даңғылымен серуендеп Абай даңғылында орналасқан әртүрлі локациялардың тарихын білеміз.
«Біз әдетте спектакльге барамыз, медитация тыңдаймыз. Ал бұл екеуінің қосындысы іспетті. Сондықтан өзіме де өте ерекше қызық болды. Сол үшін бүгін арнайы уақытымды бөліп, тыңдауға келдім. Өзіме өте қатты ұнады, көңілімнен шықты», – деді қала тұрғыны Меруерт Ахан.
Аудиосеруен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайынан басталып, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне дейін жалғасады. Жоба жыл бойы қолжетімді. Авторлардың айтуынша, басты мақсат – алматылықтарға күн сайын көріп жүрген қаласын жаңа қырынан таныту. Енді Абай даңғылы арқылы өткен әрбір адам оның бүгінгі көрінісімен қатар, өткен тарихын да тыңдай алады.
Алина Серегина, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Алатау баурайындағы аңыз: Алматының мыңжылдық тарихы мен бүгінгі келбеті қалай ұштасып жатыр