Халық қатысатын бюджет: Медеу ауданында жаңа саябақ ашылды

Биыл ауданда 50-ден астам ғимараттың қасбетін жөндеу қолға алынған.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тұрғындардың ұсынысы қаланың келбетін өзгертіп жатыр. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Медеу ауданындағы бірқатар қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Соның бірі – қайта жөнделіп, халық игілігіне берілген Шухов атындағы саябақ. Сонымен қатар аудандағы көпқабатты үйлердің қасбетін жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бұл – Медеу ауданындағы Шухов атындағы саябақтың бұрынғы көрінісі. Уақыт өте тозығы жетіп, жөндеуді қажет еткен демалыс орнын абаттандыруға тұрғындардың өзі бастамашы болған. Олардың ұсынысы қолдау тауып, саябақтың келбеті түбегейлі өзгерген.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында саябақ қайта жаңғырды. Мұнда балалар ойын алаңдары жасақталып, екі стадион жөндеуден өткен. Одан бөлек аумақты көгалдандыруға да ерекше мән беріліпті. Мәселен дәл осындай 2,6 гектар жерге жасыл желек егілген. Ал оны күтіп-баптауға 12 шақырымнан асатын автоматты суару жүйесі жүргізілген.

«Биыл абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында 350 метрден астам қоршау орнатылды. Балалар ойнайтын 16 кешен орнатылды, оның үшеуі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Шухов скверінің айналасында орналасқан мектептің оқушылары және емханаға келген адамдары, Медеу ауданының тұрғындары көңілінен шығып жатыр, ұнады деп ойлаймын», – деді Медеу ауданы көріктендіру бөлімінің бас инспекторы Әлішер Баян.

«Саябақ жасаған кезде бәріміз өте қатты қуандық. Өйткені бұл саябақта түрлі алаң жасады. Күнделікті біз келеміз, достарымызбен бірге футбол ойнаймыз, турникке тартыламыз», – деді оқушы Нұрсұлтан Сәбит.

Медеу ауданындағы кезінде сәні кеткен көпқабатты үйлер де біртіндеп жаңа кейіпке еніп келеді. Биыл ауданда 50-ден астам ғимараттың қасбетін жөндеу қолға алынған. Достық даңғылының бойындағы тұрғын үйлердің де сыртқы қабырғалары заманауи материалдармен қапталып, сәулеттік келбеті қайта әрленіп жатыр.

«Тұрғындар жақсы бағалап жатыр. Балкондарға қатысты сын айтылды. Биыл 54 қасбет ауыстырылып отыр. Негізгі Абай және Достық даңғылы, Назарбаев, Құрманғазы көшелерін қамтылды», – деді Медеу ауданы әкімі аппараты Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Дамир Данияров.

 Биыл Медеу ауданындағы тұрғын үйлердің қасбетін жөндеуге 10 миллиард теңге бөлінген. Халықтың ұсынысы қағаз жүзінде қалмай, нақты іске ұласып жатыр. Айтылды – орындалды.

Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: «Алатау» дәстүрлі өнер театры жаңартылды: Дархан Сатыбалды аудан тұрғындарымен кездесті