Алматылық онколог: ерте скрининг – қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімді азайтудың негізгі жолы

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы

Қауіп тобына жататын азаматтарға — жасы ұлғайған адамдар мен тұқым қуалайтын бейімділігі бар жандарға ерекше көңіл бөлінеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда онкологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру және қатерлі ісіктерді ерте анықтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Уақытылы тексерудің маңызы туралы Алматы онкологиялық орталығының дәрігер-онкологы Ақбота Әділова айтып берді.

«Онкологиялық аурулардың басым бөлігі бастапқы кезеңде айқын белгісіз өтеді. Сондықтан тұрақты скрининг — ауруды ерте анықтап, емді дер кезінде бастауға мүмкіндік беретін тиімді тәсіл», — деді маман.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінде онкологиялық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға бағытталған скринингтік тексерулер жүргізіледі. Атап айтқанда, 40-76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы және мінез-құлыққа байланысты қауіп факторларын анықтауға арналған скринингтерден өтеді.

Сонымен қатар, 40-76 жастағы әйелдерге — екі жыл сайын сүт безі қатерлі ісігіне, 30-74 жастағы әйелдерге — төрт жыл сайын жатыр мойны обырына, ал 50-76 жастағы ерлер мен әйелдерге — екі жыл сайын колоректальды қатерлі ісікке тексеріледі. Бұдан бөлек, ер азаматтарға ми қан айналымы бұзылысын анықтауға арналған скрининг қарастырылған.

«Ерте диагностика науқастың өмір сүру ұзақтығы мен сапасына тікелей әсер етеді. Ауру неғұрлым ерте анықталса, толық сауығыа кету мүмкіндігі соғұрлым жоғары», — деді Ақбота Әділова.

Әсіресе, қауіп тобына жататын азаматтарға — жасы ұлғайған адамдар мен тұқым қуалайтын бейімділігі бар жандарға ерекше көңіл бөлінеді.

Маман дәрігерге жүгінуді қажет ететін негізгі белгілер ретінде себепсіз салмақ жоғалтуды, ұзақ уақыт басылмайтын әлсіздікті, денеде түйіндердің пайда болуын, ұзаққа созылған жөтелді және қанды бөліністерді атап өтті.

Дәрігерлер уақытылы тексерілмеу аурудың кеш анықталуына және емдеу үдерісінің күрделенуіне әкелуі мүмкін екенін ескертеді.

Сарапшылар халықты профилактикалық тексерулерден жүйелі түрде өтіп тұруға шақырады. Себебі, ерте диагностика — онкологиялық аурулармен күрестегі ең маңызды құралдардың бірі.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы емханалардың бірінде туберкулездің алдын алу бойынша Ашық есік күні өтті

Новости партнеров