Реновация бағдарламасы: Алматыдағы апатты үйлердің мәселесі қалай шешіліп жатыр

Қалада 1366 ескі үй бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 43 мыңнан астам адам апатты үйде өмір сүріп жатыр. Ескірген, сейсмикалық тұрақсыз баспаналар тұрғындардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін жергілікті билік 2030 жылға дейін арнайы реновация бағдарламасын іске асырды. Жоба тек тұрғын үйлерді емес, жеке секторлар мен өнеркәсіптік нысандарды да қамтиды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қалада 1366 ескі үй бар. Олардың жартысынан көбі 2030 жылға дейін жаңартылмақ. Ал жауаптылар осындай үйлердің тұрғындарын сейсмикалық қауіпсіздікке баса назар аударып, жаңа, жайлы әрі қауіпсіз жерге көшірмек.

Бағдарлама аясында тектоникалық бұзылыс үстінде орналасқан 1930-1980 жылдар аралығында бой көтерген ескі үйлер сүріліп, 43 мыңнан аса тұрғынның тұрмыс-жағдайын жақсартпақ. Бұл – қаланың эстетикалық бейнесін жаңартып қана қоймай, жұртшылықты табиғи апаттардан қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Айта кетейік, бағдарламаға кірген әрбір баспана арнайы комиссиядан өтіп, сейсмологиялық зерттеудің қорытындысы негізінде анықталады.

"Тұрғын үйдің апатты екенін анықтау үшін арнайы мемлекеттік құрылыс нормалары қарастырылған. Онда қандай баспаналардың сейсмикалық тұрақсыз санатына жататыны нақты көрсетілген. Сонымен қатар бағдарлама аясында тозу деңгейінің бірнеше категориясы көрсетілген, олар комиссия шешімімен белгіленеді", – деді комиссия мүшесі, заңгер Андрей Артюшенко

Биыл мегаполтсте 31 үй сүріліп, 530 пәтер иесі жаңа баспанаға көшірілді. Солардың бірі – Владимир Литвинов. Зейнеткердің 30 жыл жан баққан ағаштан салынған, 40 шаршы метрлік үйі бұзылып жатыр. Есесіне енді ақсақал 70 шаршы метрлік кең әрі жайлы жаңа үйге қоныс аударды. Қарт кісінің өзі “қартайған шағымда бұндай сыйды күтпеп едім” - деп, төбесі көкке жетіп отыр.

"Шаршы метрге қарамастан, ешқандай қосымша төлемсіз жаңа пәтер алдық. Керемет емес пе? Мен үшін бұл – үлкен сый. Келісімшартқа қол қойдық, бір аптадан кейін жаңа пәтердің кілтін берді. Ескі баспанамыздың әбден тозығы жеткен", – деді қала тұрғыны Владимир Литвинов.

Ескі үйлерді сүруге беру тек тұрғындардың келісімімен жүзеге асырылады. Әрбір пәтер иесінде таңдау бар. Олар нарықтық құнына сай ақшалай өтемақы алуды немесе «бөлме санына бөлме» қағидаты бойынша жаңа пәтерге ие бола алады.

Айта кетейік, Алматыдағы реновация жұмыстары қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспары негізінде жүзеге асырылуда.

"Бағдарламаны жүзеге асыру арқылы 2030 жылға дейін сейсмоқауіпті деп танылған 676 үй сүріліп, 7500-ге жуық апатты, ескі баспана тұрғындары жаңа жерге көшеді. Биылғы жоспарда 86 үй бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, 31 үйге тұрғындар көшіп үлгерді. 

Айта кетейік, басқа баспанаға көшу кезінде пәтер иелерінде таңдау құқығы бар, – деді ӘКК Реновация департаментінің бас менеджері Рустам Шайынов.

2030 жылға дейін Алматыда 676 ескі үй сүріліп, 7500-ден астам тұрғын жаңа, қауіпсіз әрі заманауи баспанаға көшеді. Реновация бағдарламасы тек қаланың сәулеттік келбетін жаңартып қоймай, мыңдаған адамның өмір сапасын түбегейлі өзгертуге бағытталған.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Алматыда қала маңында тағы екі жаңа бағыт іске қосылады

Новости партнеров