Сайлаудағы жастардың белсенділігін ерекше – АӨСШК бақылаушысы Абхишек Катияр

РСК Алматы
РСК Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) атынан халықаралық бақылаушы ретінде елімізге келген Абхишек Катияр сайлау күні Алматыдағы үш учаскесіне барған,  деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оның байқауынша, учаскелерде сайлаушылардың белсенділігі жоғары, қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасалған, ал дауыс беру барысы ашық әрі толық заңнамаға сай ұйымдастырылған.

«Мен үш сайлау учаскесіне бардым. Бақылаушылармен, аумақтық сайлау комиссиясының өкілдерімен сөйлестім. Адамдар дауыс беруге белсенді түрде қатысып, барлық қажетті ақпаратты алып жатыр. Бәрі бірқалыпты әрі заң аясында өтіп жатыр», – деді Абхишек Катияр.

Таңғы уақытта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі учаскеге барған халықаралық бақылаушы халықтың белсенділігіне назар аударған.

«Мен ол жерге ерте бардым, ол кезде адам аса көп болған жоқ. Бірақ барлық жастың өкілдерін байқадым, учаскеде әсіресе жастар көптеп жүрді. Жастардың да сайлау барысына белсенді түрде қатысып жатқаны мақтан тұтарлық жайт», – деді шетелден келген бақылаушы. 

Сөз соңында Абхишек Катияр Қазақстандағы сайлаудың ашықтығына, сондай-ақ заңнама талаптарына толық сәйкес өткеніне де тоқталды.

Оқи отырыңыз: Алматыда сайлау күні аяқталды