Студенттерді әлеуметтік қолдау: Алматыда тағы 14-ке жуық жаңа жатақхана пайдалануға берілмек

14.01.2025 20:42

Жатақханалардағы бағаның білім алушыларға қолжетімді болуы да қатаң қадағаланады

Биыл Алматыда жыл соңына дейін 14-ке жуық жаңа жатақхана пайдалануға берілмек. Осылайша, 6 мыңнан аса білім алушы жатын орынмен қамтылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Еліміздегі үздік жоғары оқу орындары орналасқан алып шаһар Алматыда білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсетуге жіті көңіл бөлінеді. Оның ішінде жастарды жатақханамен қамтамасыз ету қашанда басты назарда. Себебі, қаладағы 35 жоғары оқу орнында 200 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Оның 63 пайызы – өзге өңірлерден келгендер. Олардың жатын орын мәселесін шешу үшін 2 жыл бұрын жобалық кеңсе құрылған еді. Оның арқасында былтыр 16 нысан пайдалануға берілді. Игі бастама биыл да жалғасын тауып жатыр.

Міне, қазір жөндеу жұмысы аяқталып қалған 250 орындық жатақхана көктемде пайдалануға беріледі. Жобалық кеңсе аясында бой көтерген мекемеде студенттердің жайлылығы үшін барлық қажетті жағдай қарастырылған. Жатақхана оқу орындарымен алдын ала келісім жүргізуді бастап кеткен.

"Мынадай домофондар орнатылған. Бөтен адамдар кіре алмайды. Тек осында тұратын студенттер кіреді. Сосын турникет болады. Турникет арқылы студенттер тіркеліп, кіріп-шыққаны көрініп тұрады. Оны сол студенттер оқитын ЖОО-лар бақылап отырады", - деді инвестор Бауыржан Кәріпжанов.

"Жобалық кеңсе арқылы 2023 жылдан бері 30 нысан іске қосылды. Ол кезде 4000-ға жуық жатын-орын пайдалануға берілген еді. Тапшылықты азайту мақсатында бірқатар шаруа атқарылып жатыр. Қазір қалада 120-дан аса студенттік жатақхана бар", - деді "Студенттік жатақхана құрылысының жобалық кеңсесі" жобасының жетекшісі Дамир Құтымов.

Салынып жатқан жатақханалардағы бағаның білім алушыларға қолжетімді болуы да қатаң қадағаланады. Орналастыру кезінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан студенттер алдыңғы шепте қаралады. Жатақханалардағы қауіпсіздік ережелері қатаң сақталуы тиіс. Сонымен қатар, жастарға арналған басқа да жобалар қарастырылған.

"Жас Алматы" сайтына кіріп, жұмыс та таба алады. Қосымша жұмыс ретінде ала алады. Пәтерді де сол сайттан еш алаяққа ұрынбай жалға алып, тұра алатын мүмкіндік бар. Одан басқа, Алматыдағы студенттерді орналастыратын қонақүйлер мен хостелдер бар. Біз өз тарапымыздан ұсынатын хостелдердің тізімін берген болатынбыз", - деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Әзиз Қажденбек.

Жобалық кеңсе бүгінде 120-дан аса инвестор тартып, білім алушыларды жатын орынмен қамтамасыз етуге күш салып жатыр. Бұдан бөлек, қаланың барлық ауданында 11 комьюнити орталық жұмыс істеп тұр. Мұнда студенттер ақысыз түрде тәулік бойы сабаққа дайындалып, өздеріне керек ақпаратты іздестіріп, арнайы мамандарға жүгіне алады.

Жансая Олжабек, Ернат Болатбек, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда әкімнен алғысхат алған автобус жүргізушісінің ісі өзгелерге үлгі болмақ