Алматы хайуанаттар бағы сирек кездесетін жануарлармен толықты. Енді хайуанаттар бағына келушілер Сальвадор кесірткелерін көре алады. Бұл бауырымен жорғалаушының отаны – Жаңа Гвинея. Табиғатта ол әлемнің басқа жерінде кездеспейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сальвадор кесірткесі (Varanus salvadorii) кей елдерде артеллия, кабарагойя немесе «қолтырауын кесірткесі» деген атаулармен де белгілі. Ол ірі дене бітімімен, ұзын әрі қуатты құйрығымен және қолтырауын терісіне ұқсас ерекше қабыршақты терісімен ерекшеленеді.
Он жастан асқан кесірткелер жұбы Индонезиядан жеткізілген. Қазір олар жаңа ортаға бейімделіп үлгерді.
«Бауырымен жорғалаушылар зообағымызда өздерін жақсы сезінуде. Олар табиғи мекен ету ортасына барынша ұқсатып жабдықталған террариумды зерттеп жүр. Мұнда жоғары температура мен ылғалдылық сақталады. Кесірткелер бұл жерде өсіп-өніп, ұзақ әрі белсенді өмір сүреді деп сенеміз», – деді «Экзотариум» бөлімінің жетекшісі, герпетолог Александр Гурнев.
Келушілер бұл ерекше жануарларды зообақтың «Экзотариум» бөлімінен көре алады. Сонымен қатар олардың екі айыр тілі арқылы жемін қалай табатынын да бақылауға мүмкіндік бар.
Алматы хайуанаттар бағы баршаңызды экзотикалық бауырымен жорғалаушылар әлемімен танысуға шақырады!
Оқи отырыңыз: Көрісу күні: 14 наурызда алматылықтар мерекелік концертке шақырылады