Алматыда автобус жолақтары мен веложолдар желісі кеңейтіліп, бірқатар көшеде біржақты қозғалыс енгізіледі

Depositphotos
Depositphotos
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қалада қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар желісін кеңейту, веложолдардың ұзындығын шамамен 40 шақырымға арттыру және бірқатар көшеде қозғалыс сызбасын өзгерту жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Диханбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның айтуынша, бүгінде Алматыда 26 тасымалдаушы 206 тұрақты қалалық және қала маңындағы бағытқа қызмет көрсетеді. Қоғамдық көлік паркі 3 108 автобустан тұрады, ал бағыттардағы қозғалыс тұрақтылығы 99%-ға жеткен.

«Бүгінде Алматының қоғамдық көлігі — үнемі дамып келе жатқан үлкен жүйе. Біз жылжымалы құрамды кезең-кезеңімен жаңартып, бағыттарды күшейтіп, жаңа маршруттар ашып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз — қаланың барлық ауданында тұрғындарға ыңғайлы әрі тұрақты көлік қызметін қамтамасыз ету», — деді Ержан Диханбаев.

206 бағыттың 127-сі — қалалық, 21-і — таулы, ал 58-і — қала маңындағы бағыттар. Қаланың көлік жүйесінде 1 564 газбен жүретін автобус, 137 электробус, 156 троллейбус және 1 251 дизельді автобус жұмыс істейді.

2025 жылдың басынан бері Алматыда №21, №61, №64, №83, №84, №90, №96 және №130 бағыттары іске қосылды. Бұл маршруттарға 105 автобус тартылған. Сонымен қатар 10 бағытта жылжымалы құрам жаңартылып, 162 жаңа автобус шығарылды. Тағы 49 бағыт қосымша автобустармен күшейтіліп, ондағы көлік саны 489-дан 719-ға дейін ұлғайтылды.

2025 жылдың желтоқсанында Onay төлем жүйесімен бірлесіп, Kaspi QR арқылы жолақы төлеу мүмкіндігі енгізілді.

«Біз бағыттарды дамытуға ғана емес, жолаушылардың қолайлылығына да ерекше көңіл бөліп отырмыз. Сондықтан заманауи төлем тәсілдері енгізіліп, көлік жаңартылып, қызмет көрсету сапасы жақсартылуда. Қалалық көлік әрбір жолаушы үшін қолжетімді әрі түсінікті болуы керек», — деді спикер.

Қалада аялдама инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Алматыда 2 261 аялдама пункті бар, оның 2 089-ы автопавильондармен жабдықталған. Оның ішінде 1 005 павильон жергілікті бюджет есебінен, тағы 1 084-і жеке инвестиция есебінен орнатылған. 2025 жылы 56 жаңа автопавильон қойылса, биыл тағы 200-ден астамын орнату жоспарланған.

Жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Қалада 642 бағдаршам нысаны жұмыс істейді. 2025 жылы 396 мың шаршы метр жол таңбасы сызылып, 3 558 жол белгісі орнатылды, 2 761 белгі ауыстырылды және 6 450 метр бөлгіш қоршау қойылды. Биыл тағы 2 500-ден астам жол белгісін орнатып, кемінде 350 мың шаршы метр жол таңбасын жаңарту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға шамамен 4 млрд теңге қарастырылған.

Ержан Диханбаевтың айтуынша, Алматы қозғалысты ұйымдастыруда қоғамдық көлікке, жүргіншілер мен велосипедшілерге басымдық беретін заманауи әлемдік тәжірибеге сүйеніп отыр.

«Заманауи табысты қала — ең алдымен адамдарға ыңғайлы қала. Сондықтан әлемнің жетекші мегаполистері қоғамдық көлікті дамытуға, велоинфрақұрылым қалыптастыруға және көшелердің қауіпсіздігін арттыруға басымдық береді. Бір автобус жолағы кәдімгі автомобиль жолағына қарағанда әлдеқайда көп адам тасымалдай алады», — деді ол.

Көлік жүйесін жаңғырту аясында Алматыда әл-Фараби даңғылында, Тілендиев, Шевченко, Құрманғазы, Сәтбаев, Өтеген батыр, Рысқұлов көшелерінде, сондай-ақ Шығыс айналма автомобиль жолында (ШААЖ) және Солтүстік айналымда жаңа автобус жолақтарын салу қарастырылуда.

Сонымен қатар қалада велоинфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылмақ. 2026 жылы веложолдардың жалпы ұзындығын 87 шақырымнан 125,5 шақырымға дейін, яғни шамамен 40 шақырымға ұлғайту жоспарланған.

Бұдан бөлек, әкімдік бірқатар көшеде біржақты қозғалыс енгізу және қозғалыс сызбасын ірі бюджет шығындарынсыз — негізінен жаңа жол таңбалары мен қозғалысты ұйымдастыруды оңтайландыру арқылы өзгерту мүмкіндігін қарастыруда.

Атап айтқанда, өзгерістер «Тастақ» базары маңындағы Брусиловский, Түркебаев, Қарасай батыр, Құлымбетов және Прокофьев көшелерін, сондай-ақ Әуезов — Байзақов, Жуков — Уәлиханов және Радостовец көшелерінің учаскелерін қамтиды. Сонымен қатар мамандар Тимирязев, Жандосов, Манас, Мыңбаев, Береговая, Армянская, Айманов және Пушкин көшелерінде біржақты қозғалыс енгізу мүмкіндігін пысықтап жатыр.

«Біз алдымен жаңа жол таңбалары мен уақытша қозғалыс сызбалары арқылы пилоттық шешімдерді сынақтан өткізіп, оң нәтиже болған жағдайда оларды кеңінен енгізу тәсілін белсенді қолданып келеміз. Бұл үлкен шығынсыз әрі икемді түрде жол қозғалысын жақсартуға мүмкіндік береді. Жаңа қозғалыс сызбалары көшелердің өткізу қабілетін 20–25%-ға арттырып, жол-көлік оқиғаларын 35%-ға дейін азайтуға және қаланың негізгі көлік тораптарына түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Ержан Диханбаев.

Оқи отырыңыз: Алматыда «BIR TOLQYNDA» жобасы аясында жастармен ашық диалог өтті

Новости партнеров