Жаңарған Республика алаңы алматылықтардың сүйікті демалыс орнына айналды

13.07.2026 15:52

Республика алаңында көріктендірілген аумақтың жалпы көлемі – 4,5 гектар

Жаңа кейіпке енген Республика алаңы тұрғындардың оң бағасын алды. Көптің пікірінше, бұл аймақ – демалуға таптырмас орын. Айта кетейік, алаңды көріктендіру аясында жаңа серуендеу бағыттары, балалар ойын алаңдары, екі амфитеатр, велосипед жолақтары, сәндік су айдындары мен жаңартылған субұрқақтар пайдалануға берілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Республика алаңында көріктендірілген аумақтың жалпы көлемі – 4,5 гектар. Қоғамдық кеңістіктің жабындары толық жаңартылып, инженерлік желілер, сыртқы жарықтандыру және автоматты суару жүйесі жаңғыртылды. Құрылыс барысында пайдалану мерзімі 10 жылға дейін жететін материалдар қолданылған. Бұл алдағы уақытта аумақты күтіп-ұстау шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ алаңға 233 ағаш, 63 мыңнан астам бұта және 18 мыңға жуық көпжылдық өсімдік егіліп, аумақ бұрынғыдан да көркейе түсті.

«Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, біз бұл жерді қайта абаттандырып, қала тұрғындары үшін жайлы әрі қолайлы қоғамдық кеңістікке айналдырдық. Бүгінде бұл жердің халық көп жиналатын орынға айналғанын көріп отырмыз. Әсіресе, ата-аналар балаларымен бірге келіп, уақыттарын тиімді өткізуде. Мұнда екі ойын алаңы салынды. Кешенді абаттандыру тұжырымдамасын жасау үшін британдық сәулетшілер мен дизайнерлерді арнайы шақырып, олардың тәжірибесіне сүйендік», – деді Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы Батырхан Сүлейменов.

Алаң тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Қазір мұнда көлеңкеде тынығып, серуендеп жүргендер көп. Ал кейбірі жаңарған алаңның келбетін суретке және бейнежазбаға түсіруде.

Айта кетейік, мұнда орындықтар, үстелдер, ландшафтық жиһаздар, аркалар және басқа да шағын сәулет нысандарын қамтитын 500-ден астам элемент орнатылған. Бұрыннан бар субұрқақтар толық жөндеуден өткізіліп, жаңа заманауи субұрқақтар салынды.

Сонымен қатар алаң маңындағы жаңа аялдама тұрғындардың көңілінен шықты. Ол жолаушыларға арналған күту орындарымен және ақпараттық тақталармен жабдықталған. Жаңа аялдаманың іске қосылуы қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттырып, қаланың орталық бөлігіндегі жолаушыларға қолайлы жағдай жасап отыр.

«Өзім осы маңайда тұрамын. Алаңды өте жақсы жасапты, әдемі. Мына маңайға аялдама да қойды. Бала-шағамен қыдыруға жақсы жер екен. Бұрын аялдамалардың арасы алыс еді, қазір жақындады. Балалармен серуендеп, бірден аялдамадан автобусқа мінуге болады», – деді қала тұрғыны Бекзат Әбуов.

«Аялдама қосылғаны жақсы болды. Осы жерде жұмыс істейтіндіктен, біз үшін өте ыңғайлы. Субұрқақтар да орнатылыпты. Күннің ыстығында салқындық береді», – дейді тағы бір тұрғын Атабек Қабылов.

«Бұрын мұндай емес еді. Қазір балалардың ойын алаңы ашылып, көптеген өзгерістер жасалған. Демалуға өте қолайлы. Балаларды ойнатып қойып, өзің де тынығуға болады», – дейді келесі бір тұрғын Аппақ Әубәкір.

«Отбасыммен бұл жерге жиі келеміз. Күнде осындамыз. Қазір демалып отыруға өте қолайлы», – дейді қала тұрғыны Қызайбек Батырбай.

Ал алаңның түнгі көрінісі тіпті ерекше. Себебі аумақтың ажарын аша түсу үшін мұнда 129 заманауи жарық шамы орнатылған.

Айдана Шалқар, Ғани Қалуов, Ханкелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда 885 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды