Жаңару күні: Алматыда жалпықалалық сенбілік өтті

Былтыр бұл науқанға 420 мыңнан аса алматылық қатысқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Жаңару күніне» орай жалпы қалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында ұйымдастырылған тазарту жұмыстары шаһардың түкпір-түкпірінде таңғы сағат 9:00-де басталды. Соның ішінде «Оңтүстік» саябақты санитарлық тазалауға қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері, экология департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ мәдениет пен спорт және жастар саясаты басқармаларының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында демалыс орны жапырықтар мен қоқыстардан тазартылып, ағаштар қопсытылды. Белсенділік танытқан қоғамдық кеңес мүшелері келесі аптада ағаш отырғызу жұмыстары басталатынын айтты. 

«Тазалық науқанына кез келген қала тұрғыны қатысып, жастарға үлгі көрсете алады. Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, шаһарымыздың таза болуына ықпал етеді. Бүгін қыстан қалған қалдықтарды жинастырдық. Алдағы апталарда ағаш отырғызу, әктеу жұмыстары басталады», – деді қоғамдық кеңестің төрағасы Алтынай Көбеева.

Айта кетейік, былтыр бұл науқанға 420 мыңнан аса алматылық қатысқан. Олар қаладағы саябақтарды, аулалар мен көшелерді тазалап, 2 мың тоннадан аса қоқыс арнайы полигондарға тасталды. Сондай-ақ шаһардың жасыл қорын дамыту мақсатында 320 мыңнан аса жасыл желек отырғызылды.

 «Акция әлі де жалғасады деп ойлаймыз. Сондықтан қала тұрғындарын келесі сенбіліктерге шақырамыз. Тағы да көшеттер отырғызылады. Алдағы уақытта «таза қала», «таза аула», «ақ бұлақ», «жасыл аймақ» деген секілді акциялар болады», – деді Экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Жақиянов.

Оқи отырыңыз: «Алматы – біздің ортақ үйіміз» экологиялық науқанының екінші аптасы аяқталды

Новости партнеров