Мінезді, өр де өжетті барыс жылы үлкен өлшемді, ұзын етекті, бастысы ыңғайлы киімдер сәнде болмақ. Сондай-ақ шынайы өмір мен сандық әлемнің құрсауында қалған сәнқойлардың талғамы келер жылы күлгін, көк түсті реңктерге түседі. Бұл жаңа қуат пен сенімді шығармашылық қадамдар жасауға әсер етеді дейді мамандар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Адам көркі – шүберек» демекші, алдағы жылы, яғни 2022 жылы қандай киімдер сәнде? Гардеробта қандай түстерге көбірек басымдық берген жөн? Алдағы жылдың сәндік трендтері туралы отандық дизайнерлер мен стилистерден сұрап білеміз?
Барыс жылында кең өлшемді, ыңғайлы әрі көлемді принті бар киімдер сәнде болады дейді мамандар. Киімнің кез келген жерін ретро үлгідегі кескіндермен немесе ұлттық элементтермен айшықтап қоюға болады.
Бұрын аналарымыз ызғарлы күндерде қат-қабат киініп, барынша суықтан қорғануға тырысқан. Енді бұл тәсіл тек суықтан қорғану үшін ғана емес, бүгінгінің нағыз киіну үлгісіне айналды дейді отандық әйгілі дизайнер Аида Кәуменова.
Келер жылы жеңіл жібек, барқыт, масаты маталарынан тігілген киімдер сәннен түспейді екен.
Қысқы топтамада алдағы жылы дизайнерлер ұзын күртешелер сәнде болады дейді. Мәселен, мақпал матадан жасалған сыртқы киім өте ыңғайлы. Сырт киімдерде бұрынғы кілем мен ескі текеметтердің суреті топтастырылып, бейнеленген. Бұл киімге ерекше сән мен ұлттық нақыш беріп тұр.
«Паркалардың ішінен кәжекей кие аласыз. Тура сондай матадан жасалған әрі өте әдемі, сәнді, оның үстіне қазақи үлгіде тігілген», – деді дизайнер Аида Кәуменова.
Пандемияда үйге қамалып, оқшауланған жұрт түрлі мерекені, көңілді кештерді сағынды дейді стилистер. Сондықтан да алдағы жылы адамдар жылтыраған, жарқыраған киімдерге әуес болады екен. Биыл сұр және ашық сары түстер сәнде болса, 2022 жылы күлгін-қызыл түстермен астасып жатқан көк түсті реңктер өзекті.
Ал мандарин түстес ашық өңді көйлектер – жаңажылдық мерекелік шараларға таптырмас идея. Сонымен қатар барыс жылында анималистік стильдегі шалбарларды, аяқ киім мен сөмкелерді де араластыру орынды. Алайда асыра сілтемеген дұрыс дейді мамандар.
«Егер сіз жігерлі, белсенді, шығармашыл адам болсаңыз, анималистік принттері бар киімдерді ойланбай кисеңіз болады. Ал керісінше, классикалық үлгімен киінуді ұнататын ұстамды жан болсаңыз, онда анималистік элементтерді киімге немесе әшекейге білінер-білінбес етіп деталь ретінде қолданса үйлеседі. Яғни, қатты қанық, айрықша көзге түсетін элементтерді базалық бірқалыпты түстегі киімдермен теңестіріп отыру керек», – дейді стилист Бибінұр Бакеева.
Күнделікті өмірде немесе жұмысқа, кеңсеге барсаңыз өзіндік образ жасап алуға болады. Базалық түстегі көйлекті ерекше принті бар плиссе белдемшемен керемет үйлестіруге болады. Оның сізге әдемі көңіл күй сыйлайтыны сөзсіз.
Сондай-ақ әрине, айрықша аксессуарлар мен ерекше әшекейлерді де ұмытпаған жөн. Әсіресе страз, бисер моншақтарымен өрнектелген бұйымдар трендтен түспейді. Сирень гүлінің түсі іспеттес тоқылған бас киімдер мен белдемшелер де образыңызға өзгеше өң береді.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы