Алматыда экологиялық науқан өтті. Тұрғындардан жиналған мерзімі өткен дәрі, қағаз, шыны ыдыс, бөтелке сынды 17 түрлі қалдық қайта өңдеуге жіберілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара ұйымдастырушылар осылайша елдегі қоқыс мәселесін шешуге үлес қоспақ.
– Бұл – өте өзекті мәселе. Экология Қазақстандағы алдыңғы 3 мәселеге кіреді. БАҚ пен жаңалықтардан да жиі айтылып жүр. Елде заңсыз қоқыс даласы мен полигон көбейді. Мәселе шешімінің бірі – қалдықтарды жинап, экологиялық мәдениетті енгізу. Біз де содан бастадық. 20-эко науқан өтіп жатыр, – деді эко-белсенді, эколог Пакизат Сайлаубекова.
Қалалықтардан қабылданған қоқыс бірден сұрыпталды.
Айта кетсек, мұның алдындағы іс-шарада алматылықтар өңдеуге жалпы 2 тонна қалдық пен 3 мың келі киім-кешек өткізген.
– Жай пластиктің өзі 500 жыл шірімей жатады. Сондықтан қоқысқа да жауапты болу керек. Мен бұл іс-шараға ұдайы қатысамын. Жиі ұйымдастырылып тұрады, игі іс дер едім, – деді қала тұрғыны Халиса Алманиязова.
Оқи отырыңыз: Еңбекшіқазақ ауданыда қойма өртенді