|
21.02.2022 | 22:28
5619

Кіші Алматы көліне кәріз суын ағызып келген тұрғындарға шара қолданылды

Бұл жергілікті маңдағы өзенде мекендейтін сирек кездесетін жануарлар мен балықтар үшін өте зиян

Кіші Алматы көліне кәріз суын ағызып келген тұрғындарға шара қолданылды Almaty.tv

Алматы қаласы Түрксіб ауданының бірнеше тұрғыны заңсыз кәріз құбырларын орнатып, 10 жылдан аса уақыт лас суды Кіші Алматы көліне ағызып келген. Бұл жергілікті маңдағы өзенде мекендейтін сирек кездесетін жануарлар мен балықтар үшін өте зиян. Камышинская көшесінің бірнеше тұрғыны заңсыз кәріз жүргізген көршілеріне осылай шағымданып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түрксіб ауданында орналасқан Камышинская көшесі орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған. Алайда әрбір үйде жеке кәріз құдығы бар. Десе де, оны қолданбайтын кейбір тұрғындар қулыққа басса керек. Осыдан 10 жылдан аса уақыт бұрын бірнеше үй иесі заңсыз кәріз құбырларын орнатып алып, кір сумен маңайды ластап келген.

Бұл – Түрксіб ауданындағы ерекше қорғалған табиғи аумақ. Мұндағы Кіші Алматы көліне барып құятын ағын суда елімізде сирек кездесетін балықтар мен жануарлар мекендейді. Алайда жергілікті тұрғындар мұны білсе де, бірнеше жыл бойы дәл осы маңға заңсыз түрде кәріз суын ағызып келген. Енді бүгін ол құбырлар бітеліп, бірнеше үй иесіне ескерту жасалды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл маңайға ағылған лас судан жаз айларында тыныстау тіпті мүмкін емес дейді. Ал заңнан хабары бар кейбір үй иелері өздері орнатқан кәріз құдықтарын қолданады. Сондықтан аудан әкімдігіне аталған мәселені шешіп беруді өтініп отыр.

«Осында көшіп келгенімізге 5 жыл болды. Бастапқыда кәріз суын кімнің осы сайға ағызып жүргенін білмеген едік. Біз өзіміз оны пайдаланбаймыз. Арнайы орнатқан кәріз құдығымыз бар», - деді Түрксіб ауданының тұрғыны Юрий Ромахов.

Көптің шағымын назарға алған аудан әкімдігінің өкілдері мен экологтар расымен де кейбір тұрғындардың заңсыз әрекетке барғанын анықтады. Олар өздігімен тартылған 3 кәріз құбырын бітеп, үй иелеріне олқылықты түзеуге 1 апта уақыт берді. Егер ескерту еленбесе, 60 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

«Бір апта уақыт бердік. Тұрғындар өздері ретіне келтірген жоқ. Яғни, мәселені шешкен жоқ. Қазір келіп тоспасумен бірге Экология департаментінің мамандарын шақырып, құбырлардың бәрін бітеп қойдық. Келешекте Кіші Алматы көліне су ақпайтындай жасадық. Енді халыққа түсіндіріп жатырмыз. Арнайы септиктері бар, соларды қолданып, сол жерден өздері суды сорғызуы керек», - деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Айдос Бекетаев.

Ал кінәсін мойындаған үй иелері кәріз құдығын пайдалану қалтаны қағады дейді. Әйтсе де мәселені тезірек шешуге тырысатынын айтады. Ал жергілікті аудан әкімдігі алдағы уақытта бұл аумақты да орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосуды жоспарлап отыр. Ол үшін барлық құжат жасалып, қажет қаражат бөлініп те қойыпты.

Аяулым Көлжігіт, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир